Қазақстан Халық партиясының өңірлік филиалдары Конституциялық реформаны түсіндіру бойынша облыстарда атқарып жатқан ағартушылық жұмыстарын жалғастыруда.
Партия мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесіп, пікірталас ұйымдастырып, еліміздің жаңа Негізгі құжатын сайлаушылармен және белсенділерімен бірге талқылауда.
ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жастар қанатының өкілдерімен кездесу өткізді. Қазақстан Халық партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Қожахметов спикер ретінде сөз сөйледі. Ол партия ішіндегі ашық әрі мазмұнды диалогтың маңыздылығына ерекше назар аударып, конституциялық реформаны талқылау ел болашағын қалыптастырудағы шешуші кезең екенін атап өтті.
Кездесуде Ата заңға ұсынылып отырған өзгерістер әділеттілік қағидаты мен құқық үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын кеңейтуге, сондай-ақ адамды мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындауға басымдық беруді көздейтіні айтылды. Сонымен қатар қоғамдық қатысу тетігін дамытуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттің әлеуметтік сипатын күшейтуге ерекше назар аударылды.

– Бүгінгі кездесу формальды жиын емес, партия активімен ашық әрі мазмұнды диалог жүргізуге арналған маңызды алаң, – деп нақтылады Б.Қожахметов. – Біздің партияның белсенді, байыпты және жауапты ұстанымы Қазақстанның жаңа Конституциясын қалыптастыруға қомақты үлес қосатынына және жаңа Конституцияның әділетті әрі қуатты болатынына сенемін.

Кездесуде қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылап, пікір алмасты. Әсіресе қоғамның құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудағы партиялардың, оның ішінде Қазақстан Халық партиясының рөліне ерекше назар аударылды.
ҚХП Алматы қалалық филиалы да осындай форматта кездесу өткізді. Кездесу барысында партия мүшелері конституциялық өзгерістердің мақсаты мен маңызын түсіндіріп, оның әділдік пен заңдылық қағидаттарын нығайтудағы және мемлекеттің азаматтардың алдындағы жауапкершілігін арттырудағы рөлі туралы сөз қозғады. Сондай-ақ қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейту және демократиялық институттарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық филиалы саяси жүйені жаңғыртып, елімізді тұрақты дамытуды көздейтін бастамаларды азаматтарға жеткізу жұмысын жүйелі түрде жалғастырады, – деді партия өкілдері.

Атырауда өңірлік филиал өкілдері түсіндіру жұмысы аясында «Атырау Жарық» ЖШС және «Атырау жылу жүйелері» ЖШС сынды екі еңбек ұжымына барды. Филиал басшысы Балжан Досмұхамбетова партия белсенділерімен бірге жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын таныстырып, оның елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалармен сабақтастығын атап өтті.


– ҚХП бұл құжатты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы саяси жаңғыру бағдарламасын іске асырудың заңды жалғасы деп санайды, – деді спикерлер.
Талқылау барысында парламенттік реформаға ерекше назар аударылды. Партия бірпалаталы жоғары өкілді орган ретінде Құрылтай құру бастамасын толық қолдайтынын білдірді. Бұл ұстаным 2023 жылғы Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында жарияланған халық билігін нығайтуға бағытталған қағидаттармен толық үйлеседі.
Кездесу қорытындысында еңбек ұжымдары ұсынылған конституциялық реформаларды толық қолдайтынын білдірді.
@halyk_partiyasy