Жаңа Конституцияға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі тағдыршешті оқиға – жаңа Конституция жобасын талқылау мәселесіне арнайы тоқталды.

Президент қазақстандықтар бұл мәселені жарты жылдан бері талқылап келе жатқанын еске салды. Барлық ұсыныстарды жүйелеу үшін Конституциялық комиссия құрылды.

– Елімізде құрамы мен ауқымы және кәсібилігі бойынша бұрын-соңды мұндай комиссия болған емес, – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев. – Атап көрсетерлігі, бұл Комиссияның құрамында шетелдік сарапшылар жоқ.

1

Құжатпен жұмыс барысында барлық азаматтар eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы пікір білдіру құқығына ие болды. Платформаларға мыңдаған өтініш келіп түсті. Комиссия барлық ұсыныстарды жан-жақты қарап, жинақтап, бірқатар түзету енгізді.

– Комиссия жұмысы барынша ашық болды, – деп атап өтті Президент. – Еліміздегі осыған дейінгі реформалар дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы көрсетілген емес.

Қоғамдық пікірталас – талқылаудың маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысының саяси бағытының негізгі міндеттерінің бірі – қоғамның белсенділігі мен саяси мәдениетін арттыру.

– Түптеп келгенде ұсынылып отырған түзетулердің мәні адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау қажет деген ойға алып келеді, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Бұл жай ғана декларациялар жиынтығы емес! Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз.

Парламенттегі ҚХП фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі, депутат Магеррам Магеррамов жаңа Конституция жобасын қоғам болып талқылау қалыпты демократиялық үдеріс және тиімді шешім іздеу жолы деп санайды.

2

– Демократия ақиқатқа айналды, – деп түсіндірді М.Магеррамов. – Бұл ел азаматтарының, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың түрлі форматта саяси кеңес, конференция, дөңгелек үстел өткізіп, Конституциялық реформа сынды жалпыұлттық мәселені жан-жақты талқылауынан көрініс тауып отыр.

Қазақстан халқы жаңа Конституцияға қатысты тоқетер сөзін жалпыұлттық референдумда айтады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy