Президент ҚХП фракциясының бастамасымен әзірленген заңға қол қойды

dep.jpg

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының бастамасымен әзірленген. Жұмыс тобына ҚХП фракциясының жетекшісі, Сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов жетекшілік етті.

Құжатта күзет қызметі субъектілерінің құқықтары нақтыланып, қару айналымы және мемлекеттік оқ-дәрі қоймасын қалыптастыру саласындағы талаптар айқындалды. Сонымен қатар азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруына бақылау шаралары енгізілді. Күзетші лауазымындағы қызметкерлер мен жеке күзет ұйымдарына қойылатын міндетті талаптар реттелді. Сондай-ақ «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ұғымы енгізілді. Оның негізгі мақсаты – транзиттік теміржол жүк тасымалдарына қатысатын терминалдар аумағындағы жүктер мен теміржол көлігі нысандарын үздіксіз күзетуді қамтамасыз ету. Бұдан бөлек, құжат нормаларымен құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру тәртібі жетілдірілді.

– Біздің «қоржынымыз» Қазақстан Халық партиясының бастамасымен әзірленіп, қабылданған тағы бір заңмен толықты, – деді Магеррам Магеррамов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy