Ит иелеріне салық енгізу ұсынылды

dep.jpg

t.me/mazhilis_kz

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов ит ұстауға салық енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай шара ит иелерінің жауапкершілігін арттырады. Бұл бастама «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қарау барысында көтерілді.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Мәжіліс депутаты Еуропа елдерінде адам ит сатып алған кезде салық органдарында тіркеуге тұратынын атап өтті.

– Германия, Нидерланды, Австрия, Чехия, Испания сияқты елдерде ит ұстаушыларға салық белгіленген, – деді М Магеррамов. – Салық мөлшері жануардың тұқымына байланысты өзгеріп отырады.

Бұл бастаманы Қазақстан Халық партиясының фракциясы екі жыл бұрын да көтерген болатын, алайда ол кезде ұсыныс қолдау таппаған.

– Дегенмен мұндай нормалар азаматтарды тәртіпке шақырып, олардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті фракция жетекшісі. – Жергілікті бюджетке түсетін қаражатты қаңғыбас иттер мәселесін шешуге бағыттауға болар еді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бұл мәселені екінші оқылымға дейін халықтың пікірін ескере отырып қарастыру қажеттігін айтты. Ал Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов ұсынысты қолдап, оны депутаттық бастама ретінде рәсімдеуді ұсынды.

– Қазіргі таңда мәселе тек есепке алу деңгейінде ғана қарастырылып отыр, – деп нақтылады ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy