
Цифрландыру – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың фискалдық органдардың алдына қойған міндетті орындаудың ең тиімді құралы. Мемлекет басшысы бұл тапсырманы жуырда өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында жүктеді.
Президенттің айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискалдық деректер фабрикасына» айналуы тиіс. Бұл – барлық мәселелерді шешудің бірден-бір дұрыс жолы. Сонымен қатар мемлекет басшысы тиімсіз мемлекеттік шығындарды қысқарту мақсатында қолданыстағы бюджеттік бағдарламаларға жан-жақты ревизия жүргізуді тапсырды.
– 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. – Фискалдық саясаттың тиімділігі – ең алдымен бюджеттік шоғырландыру мен қатаң қаржылық тәртіпті сақтауға негіз болады.
Бұған дейін Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы салықтық әкімшілендіруді ҚР аумағында қолданылатын эквайрингтік операциялар саласына интеграциялау жөнінде шара қабылдауды ұсынған болатын.
– ҚХП Үкіметке жасанды интеллекттің мүмкіндігін белсенді түрде пайдалануды және жаңа цифрлық шынайылықты қалыптастыру үдерісіне кірігуді ұсынады, – деп атап өткен еді депутаттық сауалында ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов.
@halyk_partiyasy