Жаңа Конституция қабылданды! Орталық сайлау комиссиясы Конституциялық реформа жөніндегі жалпыұлттық референдумның қорытынды нәтижелерін шығарып, ресми түрде жариялады. Қазақстанның жаңа Конституциясын сайлаушылардың 87,15%-ы қолдады. Дауыс беруге қатысу көрсеткіші 73,12%-ды құрады.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің хабарлауынша, дауыс беру құқығы бар 12 482 613 қазақстандықтың 9 127 192-сі референдумға қатысқан. Оның ішінде 7 954 667 адам «Қолдаймын!» деп дауыс берсе, 898 099 азамат «Қарсымын!» деген пікір білдірген. Негізгі заң 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді.
– Жалпыұлттық референдумда қабылданған шешім еліміздің барлық аумағында міндетті сипатқа ие және қандай да бір қосымша растауды қажет етпейді, – деп атап өтті ОСК төрағасы.
Бұған дейін жалпыұлттық референдумның алдын ала қорытындылары жарияланғаннан кейін ҚХП ресми мәлімдеме жасаған болатын.
«…Әрқайсымыз азаматтық борышымызды орындап, Прогресс пен Әділеттіліктің жаңа жолына дауыс беру арқылы азаматтық ұстанымымызды білдірдік, – делінген мәлімдемеде. – ҚХП әлеуметтік әділеттілік идеясына адалдық таныта отырып, жаңа Конституцияның кіріспесі мен жалпы ережелерінде алғаш рет «Әділетті Қазақстан» ұғымының мемлекеттік дамудың іргелі өлшемі ретінде бекітілуі ерекше маңызға ие деп санайды. Әділетті Қазақстан – бұл «Заң мен Тәртіп» ұстанымын сөзсіз ұстану. Бұл тең мүмкіндік және кепілдендірілген құқық пен бостандыққа ие қоғам, мұнда міндет адамның құқығы мен бостандығы сияқты бір-бірінен ажырағысыз болады…».
Сонымен қатар мәлімдемеде ҚХП жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум қорытындыларын толық қолдайтыны және барлық қазақстандықтарды Қазақстанның Прогрессивті және Әділетті болашағы жолында бірігуге шақыратыны атап өтілді.
@halyk_partiyasy