Мәжілісте заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұйымдастыруымен «Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың проблемалық мәселелері» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, елде есірткіге қатысты жағдай алаңдаушылық туғызады. Есірткі, оның ішінде синтетикалық, сондай-ақ психотроптық заттарды қолдану халықтың денсаулығы мен ел экономикасына қауіп төндіріп тұр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент пен Үкіметке есірткі таратқаны үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырма берді.
Мәжіліс депутаты, ҚХП парламенттік фракциясының басшысы, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Магеррам Магеррамов әріптестерін қорытынды жасауға асықпауға шақырды.
– Бұл бір сәтте шешілетін мәселе емес, – деп санайды ол. – Ішкі істер органдары және басқа да орган өкілдері белгілі бір бапты қылмыстық жауапкершіліктен алып тастау қажет деген пікір білдірді. Бұл бап 2015 жылға дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте болғанын еске саламын. Құқық қорғау органдары әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, оны қылмыстық кодекске ауыстыру керек деп сендірді.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, заң шығарушылар есірткіге тәуелділерге науқас адам ретінде немесе заңды бұзған құқық бұзушылар ретінде қалай қарау керектігін шешуі керек.
– Есірткі сатып алатын нашақор оны тасымалдайды, сақтайды, – деп түсіндірді депутат. – Бүгін ол өзі пайдаланады, ертең басқаға ұсынады. Осылайша іс жүзінде есірткіге тәуелділердің қатарын көбейтеді.
Қазақстанда метадонды алмастыратын терапияны енгізу де дау туғызып жатыр. Оның жақтастары шет елдің табысты тәжірибесіне сілтеме жасайды, қарсыластар бір есірткіні екіншісіне ауыстыру деп атайды.
– Мәселені талқылау, таразылау керек, – деп атап өтті М.Магеррамов. – Тереңірек зерттеп, барлық нәзік қалтарыстарын назарға алу қажет. Біз үнемі шұғыл шешім қабылдаймыз. Еуропа елдері заң жобаларын ұзақ қарайды. Депутаттар бастамашылық еткен нормалар алдағы уақытта жұмыс топтарында талқыланады.