Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ҚР Президенті қазақстандық ғалымдар мен зерттеушілерді құттықтап, ғылым саласының өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық аренадағы беделінің басты өлшемі – ғылыми әлеует екенін атап өтті.
Президент бәсекеге қабілетті болуы үшін жаңа технологияларды игеріп, жасанды интеллектті дамыту қажет екеніне тоқталды.
– Өсу мен өркендеуді мақсат еткен мемлекет үшін ғылымға сүйену стратегиялық міндетке айналады, – деп атап өтті Қасым- Жомарт Тоқаев.
Мемлекет ғылым саласына жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда саланы қаржыландыру көлемі алты есеге артты. Ғылыми-зерттеу университеттерінің саны көбейіп жатыр. Ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі қарастырылған.
– Отандық ғылымның болашағы – озық, дарынды, зияткер, биік мақсатқа ұмтылатын жастардың қолында, – деп атап өтті ҚР Президенті . – Өршіл әрі қабілетті азаматтар ұлт дамуының басты қозғаушы күшіне айналады. Ғылыми әлеуетті ел игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Біздің ғалымдардың жаңалығы тек кеңсе шеңберіндегі жетістік болып қалмауы тиіс.
Жаңа Конституцияның преамбуласында Қазақстан тарихында алғаш рет мәдениет, білім, ғылым салаларының және инновация құндылықтарының нақты бағдарын айқындады. Бұл аталған салаларды жан-жақты қолдау стратегиялық мәнге ие екенін білдіреді және ең бастысы – енді осы бағыттарды дамыту мемлекеттің конституциялық міндетіне болады.
– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Конституцияны әзірлеу мен қабылдауға белсенді үлес қосқан бүкіл ғылыми-академиялық қауымдастыққа алғыс білдіремін, – деп жиналғандарға ризашылығын жеткізді мемлекет басшысы.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов Қазақстанда ғылымның дамуы жаңа деңгейге көтеріліп келеді деп санайды.
– Ғылым, білім беру және инновацияларды Конституцияда мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде бекіту бұл осы салалардың жоғары басымдыққа ие екенін көрсетті, – деді мәжілісмен. – Мұндай тәсіл толыққанды ғылыми орта қалыптастыруға берік негіз қалайды деп сенемін. Білімге салынған инвестиция – табысты әрі бәсекеге қабілетті болашаққа жасалған сенімді қадам.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова қалыптасқан жағдайда, өкінішке қарай, олқылық та жеткілікті екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы бір ай ішінде екінші рет ғылымның өмірден алшақтап кеткеніне назар аударды, – деді Ирина Смирнова. – Бұл рас. Ғылыми ұйымдардың назарын тіпті қарапайым болып көрінетін, бірақ объективті бағалауды қажет ететін міндеттерге аударту өте қиын.
@halyk_partiyasy