Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасында алименттік міндеттемелерді орындау тетігін жетілдіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Оған сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, оның ішінде Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының мүшелері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер алимент төлемдерін қамтамасыз ету тетігін жетілдіру, сондай-ақ алиментті пайдаланудағы ашықтық пен әділдікті арттыру болды. Қазіргі таңда ең төменгі есеп бойынша еліміздегі алимент берешегі шамамен 18-20 млрд теңгені құрайды. Бұл — бір ата-ананың тәрбиесінде өсіп жатқан балалардың ала алмай отырған қаражаты. Мұның бәрі сот шешімі мен жеке сот орындаушыларының жұмысына қарамастан орын алып отыр.
Депутат Дмитрий Колода атап өткендей, қазіргі уақытта Мәжілісте осы мәселеге қатысты заң жобасы қаралуда.
– Заң жобасында көзделген өзгерістер ең алдымен атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге, жеке сот орындаушыларының кәсібилігін арттыруға, олардың жауапкершілігін күшейтуге және атқарушылық өндірісті жетілдіруге бағытталған, – деді депутат.
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының алимент мәселесін шешу бойынша өз нұсқасы бар. Шамамен 10 жылдан бері партия мүшелері бюджеттен тыс Мемлекеттік алименттік қор құру бастамасын ілгерілетіп келеді. Фракция жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл идея алғаш рет көтерілген кезде алимент төлемейтін ата-аналардың берешегі небары 2 млн теңге шамасында болған.
– Біз сол кезде-ақ бұл мәселенің ушығатынын, ақырында мемлекет белсенді араласпаса, оны шешу мүмкін болмайтынын айтқанбыз, – деп атап өтті депутат.
«Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» деген бағдарлама нақты нәтиже бермеді.
– Үкімет бізді мәселені шешеміз деп сендіріп келді, – деді М. Магеррамов. – Бірақ ол өзіне тән тәсілмен шешіп жатқан сияқты. Қарыз көлемі 2 миллиардтан шамамен 20 миллиардқа дейін өсті. Яғни мәселе шешілген жоқ.
Алименттік қор – ЭЫДҰ-ға мүше бірқатар елдерде өзін дәлелдеген халықаралық тәжірибе. Алайда Үкімет ана мен баланы қорғауға бағытталған заңнамалық нормаларға қарамастан, бұл тәжірибені енгізуге асығар емес. Шенеуніктердің негізгі уәжі – мұндай қор қоғамда масылдық қалыптастырады.
– Бірақ Үкіметтің қазіргі тәсілі жауапсыздық қалыптастырып отыр! – деді М. Магеррамов. – Біз масылдықтан емес, балаларымыздың заң бойынша тиесілі қаражатын ала алмауынан қорқуымыз керек.
@halyk_partiyasy