Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер үшін жүктілік кезінде, отбасының науқас мүшесіне күтім жасаған жағдайда және басқа да әлеуметтік себептер бойынша толық емес жұмыс күні енгізу қарастырылуда. Бұл норма Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында қаралған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасында көзделген.
Заң жобасын әзірлеуші органның өкілі Дархан Жазықбай хабарлағандай, жалпы тәртіп бойынша мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмыс уақыты 8 сағаттан аспауы тиіс және аптасына 40 сағаттан артық болмауы керек. Алайда ерекше жағдайлар бар.
– Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді, яғни аптасына 36 сағаттан аспайды, – деп нақтылады Агенттік төрағасы. – Ал жүкті әйелдерге, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біріне, сондай-ақ отбасының науқас мүшесіне күтім жасайтын мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс күні қарастырылады.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейтжан бұл өзгерістердің мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қалай әсер ететінін нақтылады.
– Жалақы қалай төленеді? – деп сұрады депутат. – 8 сағаттық жұмыс күні деңгейінде ме, әлде басқаша ма?
Әзірлеуші тараптың өкілі бұл мәселе толық шешілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бала емізетін аналарға немесе басқа да әлеуметтік себептерге байланысты икемді жұмыс кестесі қарастырылған.
– Бұл мәселені толық шештік, – деді ол. – Жалақы 8 сағаттық жұмыс күні көлемінде төленеді.
@halyk_partiyasy