Мәжіліс еңбек құқығын қорғауды күшейтетін заңды бірінші оқылымда қабылдады

dep.jpg

Мәжіліс бірінші оқылымда Еңбек кодексі мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Заі жобасында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, кейбір спортшылар мен параспортшылар бұл жаңалықтан көп жақсылық күтпеуі мүмкін.

Жаңа ережелерге сәйкес, еңбек қатынастарының белгілері бар жағдайда жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт (ГПХ) жасауға тыйым салынады. Бұл норма жұмысшылардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған. Бірақ, барлық қызметкерге қатысты бола қоймайтын сияқты.

ҚХП фракциясының Мәжіліс депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары бойынша уәкіл Кенжеғұл Сейтжан спорт ұйымдары мен клубтарда, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін де, қызметкерлердің қандай жағдайда еңбек етіп жүргенін баяндады.

– Көп спортшылар клуб атынан шығады, бірақ іс жүзінде оның қызметкері емес. Осы мәселені заң жобасының аясында қалай шешуге болады? Кей адамдар 20-30 жыл клубта болса да ресми қызметкер саналмайды. Оларға айлық төленбейді, бірақ олар чемпионаттарда жеңіп, әлемдік ареналарда өнер көрсетеді, - деді депутат.

Сонымен бірге, спорт шеберлігіне үміткерлер мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінің жалақысындағы айырмашылық әлі де шешімін тапқан жоқ. Статусы жоғары, ал жалақысында айырмашылық байқалмайды.

– Бұл айырмашылықты өзгерту мүмкін бе? Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алу оңай емес, бұл шын мәнінде үлкен еңбекті талап етеді, - деп сұрады Сейтжан.

Заң жобасын әзірлеуші топ өкілі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, өкінішке қарай, үміт сыйлайтындай жауап бере алмады. Оның айтуынша, құжатта спорт клубтарының мүшелігін еңбек қызметінің түрі ретінде қарастыратын норма жоқ.

– Еңбек кодексі еңбек қатынасының барын нақты белгілейді. Егер адам нақты еңбек функцияларын атқарса, тек клубта жаттығып қана отырмаса, онда ол еңбек келісімшартын жасауға тиіс. Егер спортшы еңбек функцияларын атқарып жатса, бірақ ұйым келісімшарт жасамай жатса, ол еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы, - деп түсіндірді Аймағамбетов.

Ол спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлердің жалақы айырмашылығы туралы норма бұл заң жобасының ауқымына кірмейтінін айтты.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy