Есепке алынбаған борышкерлер

dep.jpg

Әлеуметтік желіден

Алимент бойынша берешектің нақты көлемі Үкімет жариялаған 18-20 миллиард теңгеден әлдеқайда көп. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов айтты. Неғұрлым шынайы дерекке сүйенсек, қазіргі таңда 300 мыңнан 500 мыңға дейінгі бала алиментке мұқтаж.

Мәжіліс депутаты шенеуніктер статистикасындағы айла-шарғыны түсіндірді. Оның айтуынша, ресми деректерде тек қасақана төлемейтіндер (3 айдан астам уақыт төлемегендер) ғана борышкер ретінде есепке алынады. Ал аз мөлшерде болса да жиі төлеп жүргендер бұл статистикаға кірмейді.

– Егер оларды да қосатын болсақ, берешек көлемі 40 миллиард теңгеге дейін жетеді, – деді М. Магеррамов. – Сот Қазақстан Республикасы атынан шешім қабылдайды, бірақ ол орындалмай отыр. Ал құрғақ сандардың артында қамтамасыз етілуге мұқтаж тірі балалар тұр.

Көбінесе ажырасқаннан кейін балалар аналарымен қалады. Яғни материалдық шығындардың, психологиялық және физикалық жүктеменің, сондай-ақ моральдық жауапкершіліктің басым бөлігі әйелге түседі. Бұл мәселені халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Мемлекеттік алименттік қор құру арқылы шешуге болады. Бұл бастаманы Қазақстан Халық партиясы шамамен 10 жылдан бері ұсынып келеді, алайда оның шығындылығына байланысты Үкімет тарапынан үнемі қолдау таппай келеді.

– Бұл қорды құру салық есебінен жүзеге асырылады дегенді білдірмейді, оның негізін бюджеттен тыс түсімдер құрайды, – деп тағы да түсіндірді М. Магеррамов. – Бірақ бұл алимент төлеушілердің қарызын кешіреміз деген сөз емес! Кейін мемлекет регресс тәртібімен қаражатты өндіріп алады. Мемлекеттің жалғызбасты анаға қарағанда өндіріп алу тетігі әлдеқайда тиімді.

Парламентарий қысқа мерзім ішінде құрылған жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы да еске салды.

– Барлығын тиісінше жасауға мүмкіндік болды, ал мәселе балаларға қатысты болғанда Үкіметтің мүмкіндігі жоқ болып қалды, – деп атап өтті мәжілісмен.

Депутат Қазақстан Халық партиясы алимент өндіріп алу мөлшерін заң жүзінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауын бекітуді ұсынатынын айтты.

– Бізде заңнамалық олқылық бар, оны әлі күнге дейін шеше алмай келеміз, – деді М. Магеррамов. – Кейбір жауапсыз ата-ана айына 1000-2000 теңге төлеп, алимент төлеуден қасақана бас тартады. Бұл әділетті ме? Неліктен біз ата-аналардың өз балаларына қамқорлық жасаудан осылай оңай жалтаруына жол береміз?

Ерекше ауыр жағдайлардың бірі – мүмкіндігі шектеулі бала дүниеге келгеннен кейін ата-аналардың бірінің отбасынан кетуі. Фракция Үкіметке кем дегенде осы санат үшін алименттік қор құруды ұсынған. Тіпті ілкі жоба ретінде болса да. Алайда бұл ұсыныс та қолдау таппаған.

– Балалар – еліміздің экономикалық әлеуеті, – деп түйіндеді М. Магеррамов. – Олар – болашақ салық төлеушілер, еңбеккерлер, Отан қорғаушылар. Егер біз бүгін мемлекет ретінде бұл мәселеден шет қалып, ештеңе істемесек, олар әділетсіздікті көріп өседі. Сонда біз қандай патриоттарды тәрбиелейміз?


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy