Нотариат саласындағы түзетулер

dep.jpg

facebook.com/kenzhegulsosialuly

Қазақстан Халық партиясының депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, «Инклюзивті парламент» тобының өкілі Кенжеғұл Сейтжан нотариат қызметі мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер әзірлеуде. Бұл өзгерістер заң жобасының инклюзивтілігін арттыруға бағытталған.

Мәжіліс депутатының айтуынша, көптеген нотариустар мүгедектігі бар клиенттермен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді.

– Біз мамандарға мүгедектігі бар адамдармен және әлеуметтік осал топ өкілдерімен қарым-қатынасты қалай құру керектігі бойынша тұрақты түрде сертификаттаудан өтуді ұсынамыз, – деді К. Сейтжан. – Жылына бір рет. Себебі жыл сайын жаңа ақпарат, жаңа деректер пайда болады.

Тағы бірқатар түзетулер құжаттарды беру мәселесіне қатысты. Нотариустар өте сирек жағдайда бұл құжаттардың есту қабілеті бұзылған, көру қабілеті төмен немесе басқа да мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екенін ескереді. Әсіресе, өңірлерде заманауи технологиялар барлық жерде бірдей қолжетімді емес.

– Маған көру қабілеті бұзылған депутат әрі омбудсмен ретінде осындай шағымдар жиі түседі, – деп түсіндірді мәжілісмен. – Негізінде азаматтар ақпараттық вакуумда қалып отыр. Біз осы мәселені де көтеріп отырмыз – мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігі туралы. Олар қайтадан шектелмеуі тиіс.

Жеке мәселе – заң кеңесшілері.

– Қазір мүгедектігі бар адамдар заң кеңесшісі бола алады деп айтылады, – деді Кенжеғұл Сейтжан. – Бірақ іс жүзінде көру қабілеті бұзылған адам заң кеңесшісінің куәлігін ала алмайтын жағдайлар бар, сол себепті ресми түрде кеңес бере алмайды. Тіпті сотқа да қатыса алмайды. Бұл да түзетулерде ескерілетін болады.

Барлық ұсынылған түзетулер үлкен қаржылық шығындарды талап етпейді. Алайда Әділет министрлігінің өкілдері нормаларды қайта қарау үшін пысықтауға жіберуді сұраған.

– Мен олармен жұмыс кездесуін өткізуді жоспарлап отырмын, – деді К. Сейтжан. – Барлық түзетулерімді толық талқылап, мәтінін және тұжырымдарын нақтылап шығу үшін.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy