Жаңа Конституция жаңа партияларға саяси алаң ұсынады

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ЕҚЫҰ ДИАҚБ референдумды бағалау жөніндегі миссиясының саяси мәселелер жөніндегі талдаушысы Рашад Шириновпен кездесті.

Миссияның негізгі міндеті – 5 маусымдағы референдумның ЕҚЫҰ шеңберіндегі Қазақстанның міндеттемелеріне, халықаралық стандарттар мен елдің ұлттық заңнамасына сәйкестігін бағалау.

Партия төрағасы Р. Шириновқа ҚХП-ның ел арасында атқарып жатқан түсіндіру жұмыстарын баяндап, болашаққа жасаған болжамымен бөлісті.

– Халық пен қоғам нақты өзгеріс күтіп отыр, – деп атап өтті ҚХП басшысы. – Халық референдумға үлкен үміт артады. Адамдар олигополияға, сыбайлас жемқорлыққа және клептократияға қарсы қатаң шара қолданылғанын талап етеді.

ЕҚЫҰ Миссиясының өкілі қазақстандық партиялар мен олардың іс-шараларын қаржыландыру мәселесіне қызығушылық танытты. Бұған қоса халықтың басым бөлігі Конституцияның қай баптарының өзгергенін қалайтынын білуге ниеттенді.

ҚХП төрағасы ең даулы тақырыптардың бірі – референдум өткізудің мерзімі тым қысқа деген мәселеге қатысты болғанын және талқылауға уақыт аз бөлінді деген уәж айтылғанын алға тартып, оппозицияның екіжүзділігіне шағымданды.

– Нені талқылау қажет? Президенттің туыстары мемлекеттік, саяси лауазым атқара алмайды, квазимемлекеттік секторда жоғары лауазымға қол жеткізу мүмкіндігін жоғалтады дегенді ме? Мұны тұтас ел қолдап отыр, – деді Е.Ертісбаев.

Партия төрағасы шетелдік мейманға ҚХП-ның саяси алаңдағы ұстанымы –Парламентте мемлекеттік билікті сынап қана қоймай, мәселе шешудің жолы мен нұсқасын ұсынатын сындарлы оппозиция болу екенін жеткізді.

Е.Ертісбаев қаңтар оқиғасы қазіргі саяси институттардың дағдарысын көрсеткенін атап өтті. Сонымен қатар елге әкімшілік ресурстың ықпалынсыз әрекет ететін, қалыптасқан жаңа күш қажет екенін жариялады.

– Осы референдумнан кейін алғаш рет көппартиялы қоғамға нақты жағдай жасалады, – деп түйді ойын Е.Ертісбаев. – Президент партиядан шықты. Бұл норма Конституцияға енгізіледі. Бұл жаңа партияларға саяси алаңда белсенді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

ҚХП баспасөз қызметі


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy