Қазақстан Халық партиясы жүзеге асырып жатқан «Партиялық серпін» жобасы өз жұмысын табысты жалғастыруда. Жобаның мақсаты – партияның идеологиясы мен саяси бағдарламасын сайлаушылар арасында кеңінен насихаттау. Бұл бастама оң нәтижесін беріп, партия қатарына қосылуға ниет білдірушілердің саны артып келеді.
Түркістан облыстық филиалы Кентау қаласында бастауыш партия ұйымына мүше болған үміткерлерге партия билеттерін табыстады. Салтанатты рәсім қаладағы гуманитарлық-техникалық колледжде өтті. Іс-шараға ҚХП Астана қалалық филиалының басшысы, партия орталық аппаратының ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Нұрдәулет Оразханов арнайы қатысты. Ол жаңадан қосылған партияластарды құттықтап, партияның атқарып жатқан жұмысы, алдағы жоспарлары және жетістіктері туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ, өңірлік филиалдың жетекшісі Зухра Қамбарова да жаңа партияластарды құттықтап сөз сөйледі.
– Сіздердің белсенділіктеріңіз партия жұмысына жаңа серпін беретініне сенемін, – деді ол.
Партия қызметі жергілікті жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Колледж директоры, партия мүшесі Үсен Рахмет жастарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға шақырды. Сол күні ҚХП өкілдері оқу орнының ұжымымен және студенттерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, партияның әлеуметтік және жастар саясаты бағытындағы бастамаларын талқылады.
– Мұндай шаралар жастардың саяси сауатын арттырып, азаматтық жауапкершілік сезімін күшейтеді, – дейді партия мүшелері.
Осындай салтанатты рәсім Түркістан көпсалалы индустриалды техникалық колледжінде де өтті. Бұл іс-шарада оқу орнының бірнеше қызметкері ҚХП қатарына қосылды. Нұрдәулет Оразханов жаңа партия мүшелерін белсенді болуға және партия жұмысына үлес қосуға шақырды.
– Қазақстан Халық партиясы – елінің болашағына бейжай қарамайтын, жауапты азаматтардың таңдауы, – деді ол.
Бұдан бөлек, Түркістан облыстық дене шынықтыру диспансерінде Қазақстан Халық партиясының бастауыш ұйымы ашылды. Бұл қадам бұған дейін қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылды.
– Бастауыш ұйымның ашылуы өңірдегі партия жұмысын жандандырып, халықпен байланысты күшейтеді. Бұл бастама партияның жергілікті жерлердегі белсенділігін арттырып, әлеуметтік мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашады, – дейді партия өкілдері.