Қазақстанда жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау күшейтіледі. Тиісті заң жобасын бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады. Ұсынылып отырған түзетулер еңбек саласындағы кепілдіктерді арттыруға және еңбек қатынастарының жекелеген рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.
Жаңашылдық тізімінде – еңбекке уақытша жарамсыздық немесе әлеуметтік демалыс кезеңіне сәйкес келетін жағдайларда соңғы жұмыс күнін анықтау тәртібін нақтыланған. Мұнда ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге жұмсалған уақытқа төлем төлеу (Оның мөлшері ұжымдық шартпен немесе жұмыс берушінің актісімен анықталады.) көзделген. Бұған қоса жұмыс берушіге қызметкерге еңбек жағдайының өзгергені туралы жазбаша хабарлау міндеті енгізіледі. Түзету сондай-ақ қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін, оның ішінде материалдық жауапты тұлғалар үшін еңбек қатынасын тоқтату күнін және жұмыс берушінің мүлкін қабылдау-тапсыру рәсімін аяқтау шартын реттейді.
– Қызметкерлердің заңды мүддесін сақтау мақсатында еңбек саласындағы ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау жөніндегі нормаларды бекіту ұсынылады, – деп атап өтті әзірлеушілер.
Бұл ұсыныс Қазақстан Халық партиясы фракциясының басшысы Магеррам Магеррамовтың қызығушылығын туғызды. Ол Азаматтық, Қылмыстық және Әкімшілік Кодекстерде осындай анықтамалар бар екенін атап өтті.
– Айтыңызшы, мұнда қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін бұзу белгілері қалай анықталады? – деп нақтылауды өтінді мәжілісмен. – Бұл нені білдіреді? Біз әр мәселе бойынша сот талқылауы болатын жағдайға жетеміз бе?
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова бұл «тұжырымдамалық» мәселе деп жауап берді. Ол бұл нормалар 15 наурызда қабылданған жаңа Конституция жобасында көрсетілгенін еске салды.
– Бұл жағдайда бұл норманы салалық заңдарда қарастыруға болады деп санаймыз, – деп атап өтті вице-министр. – Екінші оқылымға дейін осы мәселелерді пысықтауға болады.
@halyk_partiyasy