ҚХП мектепке дейінгі білім беру мәселелерін талқылады

1.jpg

Қазақстан Халық партиясы мектепке дейінгі білім берудің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев қатысты.

Ең көп талқыланған тақырыптың бірі мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін лицензиялауды енгізу мәселесі болды. 2010 жылы елде балабақшалардың тапшылығы орын алған кезде, мемлекет шұғыл түрде «Балапан» бағдарламасын қабылдады. Содан кейін лицензиялау жойылды.

12 жылдан кейін ҚР БҒМ барлығын бұрынғыдай жасау жөнінде шешім қабылдады. 2022 жылдан бастап министрлік мемлекеттік аттестаттау және өзін-өзі аттестаттау рәсімін қайтарды, сондай-ақ лицензиялау тетігін қалпына келтіруді ұсынды.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің лицензияны қайта жаңғырту бастамасы антимемлекеттік қызмет, – деді Е. Ертісбаев ұсыныстарды сынға алып. – Бұл жағдай әлеуметтік шиеленіс туғызып қана қоймай, балабақшалардың 77%-ның қызметін тоқтатуына түрткі болуы мүмкін.

2.jpg

Лицензиялауды енгізу мектепке дейінгі жекеменшік мекемелерге ауыр тиеді. Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының (КАНО) төрағасы Лейла Күленова қабылданған шешім орынсыз деп санайды.

– Пайдалы іс жасай алмасаңыздар, бізге кедергі келтірмеңіздер, бізді тежемеңіздер, – деді ол министрлікке бағыттаған сөзінде.

Л. Күленова жеке балабақшалар мемлекеттік ұйымдармен тең емес жағдайда екенін атап өтті. Оның айтуынша, лицензиялау қазіргі қиын жағдайды ушықтырып, қызмет көрсету сапасын нашарлатады. Барлығына сыбайлас жемқорлық кедергі келтіреді.

– Бізге іс жүзінде лицензия алу қиын емес, – деді Л.Күленова. – Сапалы балабақшалар оны осыған дейінгідей ала береді. Басқалары бұрынғыша сатып алады.

ҚХП төрағасы мәселені Парламент мінберінен жария етуді және Үкімет басшысының атына талдамалық жазба жіберуді ұсынды.

– Мектепке дейінгі білім беру жүйесіне атүсті қарауға болмайды, – деді Е.Ертісбаев. – Бұл еліміздің бүгіні мен болашағы.

Дөңгелек үстелге қатысушылар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Білім және ғылым министрлігін бөлу туралы бастамасын талқылады. Іс барысында жаңадан құрылған министрлік жанынан мектепке дейінгі білім беру мәселелері жөнінде мамандандырылған департамент құру ұсынылды.

ҚХП баспасөз қызметі


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy