Отандық өңдеу өнеркәсібінің дамуына не кедергі?

dep.jpg

Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты Асылбек Нұралин еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің дамуы мен оның проблемалары жөнінде депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан үшін шикізатқа тәуелділіктен шығу және қосымша құн құруға бағытталған өнім өндірісін дамыту аса маңызды. Дегенмен, бұл бағытта бірқатар кедергілер бар.

– Елімізде өндірілетін минералдық және металлургиялық өнімдердің үлкен бөлігі әлі де төмен бағамен экспортталады немесе ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы сыртқа шығарылады. Мұндай тәжірибе отандық өңдеу кәсіпорындарына шикізатқа қолжетімділікті шектеп, олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді және ішкі нарықтың дамуын тежейді, - деді депутат.

Тағы бір проблема – Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамытуға арналған біртұтас ұзақ мерзімді стратегияның жоқтығы. Қазіргі жағдайда отандық бизнеске тұрақты, ашық және ұзақ мерзімді ережелер қажет, олар терең өңдеуге және жоғары технологиялы өндірістерге инвестиция салуға нақты ынталандырушы фактор бола алады.

– Егер жүйелі және белсенді шаралар қабылданбаса, мемлекет жыл сайын миллиардтаған теңге әлеуетті табыстан, жұмыс орындарынан және шикізат түріндегі табиғи ресурстардан айырыла береді, – деп мәлімдеді депутат.

ҚХП фракциясы индустриялық саясатқа түзетулер енгізу қажеттігін және өңдеу өнеркәсібінің дамуын ұлттық стратегияның басты бағытына айналдыру қажет екенін алға тартты. Осы ретте Қазақстанда жаңа өнеркәсіптік кластерді құруды ұсынды. Бұл тек қосымша құн құруға бағытталған заманауи өндірістерді дамыту, шынайы сектордағы кәсіпорындардың кооперациясын нығайту, саланы қаржылай және салықтық ынталандыру, сондай-ақ инженерлік және жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыру арқылы ғана мүмкін болады.

– Дұрыс индустриялық саясат арқылы өндіріс секторында машина жасау, технологиялық компоненттер мен құрылыс материалдарын өндіру, сервистік және логистикалық қызметтерді дамытуға жол ашылады. Сонымен қатар бұл даму бағыты табиғи ресурстардан түсетін табысты әділ бөлуді қамтамасыз етеді, - деді Асылбек Нұралин.

Фракция сондай-ақ шикізатқа арналған экспорттық келісімшарттарды жан-жақты талдауды, олардың ішкі өңдеуді дамытуға әсерін бағалауды ұсынды. Сонымен бірге отандық өңдеу кәсіпорындарын приоритетті және экономикалық тұрғыдан негізделген шикізатпен қамтамасыз ету үшін біртұтас электронды биржаны енгізу, және жаңа буындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту бағдарламасын әзірлеу қажет деп санайды. Бағдарламада нақты мақсатты индикаторлар, қаржылық құралдар, қолдау шаралары және ведомствоаралық координацияның тиімді механизмі қарастырылуы тиіс.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy