Қоғамға заң жүзінде сайланған депутаттар керек

Қазақстан Халық партиясының өкілдері 18 ақпанда басталған сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының алдын ала қорытындысын «Халық микрофоны» хабарында баяндады.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Асылбек Нұралин Халық партиясы қоғамдағы өзекті мәселені көтерумен қатар, шешудің нақты жолын білетінін тілге тиек етті. Оның пікірінше, партияның сайлауалды бағдарламасының ең маңыздысы – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру.

Еліміздегі тұрғындардың басым бөлігі бір ғана жалақымен күнін көріп келеді. Оның өзі қазақстандықтардың қажеттілігін өтеуге жетпейтін қаржы. Осыдан бір-екі жыл бұрын ең төменгі жалақы 42,5 мың теңге болса, кейін 60 мың, биыл бұл цифр 70 мың теңгеге жетті.

– Бұл күлкілі сомалар. Нақты есептеудің методикасы жоқ. Жалпы 70 мың теңгеге адам қалай күн көреді?! – деді Асылбек Нұралин.

Партиялықтардың пікірінше, прогрессивті инфляцияны ескере отырып, ең төменгі жалақы 140 мың теңге болуы керек.

Қазақстан – бай мемлекет. Мұнда Менделеев кестесіндегі барлық элеметтер бар. Сондықтан қазақстандықтардың әр бірі бұл байлықтан өз үлестерін алып тұруы қажет. Мұндай тәжірибе Норвегия мен Біріккен Араб Әмірліктерінде бар.

ҚХП Конституцияға «Жер мен жер қойнауы халықтікі» деген түзету енгізуге бастамашы болды. Енді мұны іс жүзінде жүзеге асыру маңызды.

Тағы бір өзекті мәселе – әйелдердің зейнет жасын – 58, ауыр және зиянды өндірістегі жұмысшылардың зейнет жасын 50-55 жасқа дейін төмендету.

Хабар барысында Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Гауһар Танашева Халық партиясы көпбалалы аналарды ұдайы назарда ұстап, олардың мәселесін көтеріп келетінін тілге тиек етті. Оның айтуынша, партия 1-3 бала тәрбиелеп отырған аналар үшін – қолжетімді баспана, ал көпбалалы аналарға – тегін баспана беруді қолдайды. Сондай-ақ, спикер балалар үшін ақысыз үйірмелер, қолжетімді медицина мен тегін білім беруді талап ететінін жеткізді.

– Еліміздің ең басты байлығы – адам, – деді партия мүшелері.

Тікелей эфир барысында Халық партиясының өкілдері сайлаушылармен кездесудің қалай өткенін, қандай мәселелер көтерілгенін жеткізіп, сайлаудың әділ өтетініне сенім білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy