
Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов Әділет министрлігі, Заңнама және құқықтық ақпарат институты және Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырған «2026 жылғы конституциялық реформа: саяси жүйені жаңғырту және жаңа құқықтық институттар» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Магеррам Магеррамовтың айтуынша, жаңа Конституция жобасын талқылауға қатысу миллиондаған қазақстандықтардың ортақ ісіне айналды.
– Негізгі заңның жаңа жобасын барлығы талқылап жатыр, – деп атап өтті мәжілісмен. – Араларында қолдайтындар да, қарсы пікір білдіретіндер де бар. Бұл – елдегі саяси ахуалдың бейнесі. Біздің қоғам әлдеқашан серпілді, енжарлық пен немқұрайлық артта қалды.
М. Магеррамовтың пікірінше, жаңа Конституция жобасын талқылау барысында азаматтар ел тағдырына жауапты екендерін түсінуде.
– Елде маңызды оқиға болып жатыр, оған іс жүзінде халық тұтас тартылған, – деді депутат. – Жаңа Конституция жобасын қолдауда қазақстандықтардың барлығы, оның ішінде аға буын өкілдері мен жастар бірігіп отыр.
Дөңгелек үстел – ашық пікірталастың айқын көрінісін көрсетті. Іс-шараға Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқықтанушы ғалымдар, заң шығару саласының сарапшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
– Халқымыз өзінің ең жақсы қасиеттерін көрсетіп, жаңа Конституцияны қабылдау ісіне шынайы азаматтық, мемлекеттік тұрғыдан қарап отыр. Өйткені, Ата заң еліміздің жаңа келбетін қалыптастырып, бүгініміз бен болашағымызды айқындайды, – деп түйіндеді М.Магеррамов. – Жасампаз өзгерістердің күші айқын, ол рухани құндылықтарды нығайтып, халықтың ішкі қуатын арттырады.
@halyk_partiyasy