Қазақстанның конституциялық жүйесін түбегейлі жаңғырту үдерісі жаһандық тәртіптің радикалды трансформациясы жағдайында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мәлімдеді.
Мәжілісменнің пікірінше, соңғы күндері әлемде болып жатқан оқиғалар аса күрделі әрі болжауға келмейтін салдарға әкелуі мүмкін. Әлемдік тұрақсыздық әскери күш қолданылатын саяси қақтығыстардың ушығуымен күшейіп жатқан тұста, Қазақстан бейтарап ұстанымды сақтай отырып, ішкі саясат пен реформаларға басымдық беріп отыр.
– Бәлкім, дәл қазір әлем саяси шамадан тыс жүктеменің шегіне жеткен шығар, – деді Магеррам Магеррамов. – Осындай жағдайда мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын қалыптастыратын жаңа Конституцияны қабылдау өзгермелі, соның ішінде сыртқы жағдайларды ескере отырып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
ҚХП фракциясының жетекшісі нақтылағандай, жаңа Конституция жобасының кіріспе бөлімінде (преамбуласында) мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтары бекітілген. Бұл ұғымдар кездейсоқ енгізілмеген. Преамбула – Конституцияның бағыт-бағдарын айқындайтын темірқазығы, яғни заңнамалық нормалардың қалай түсіндіріліп, қолданылуы керектігін көрсететін бағдар.
Шын мәнінде, Әділетті Қазақстан құру қоғамның зияткерлік әлеуетінсіз мүмкін емес. Ал бұл әлеует ғылымда, білімде және тұтас мәдени кеңістікте көрініс табады.
– Білімнің маңызын асыра бағалау мүмкін емес, өйткені оның нәтижесі кейін ғылым мен мәдениетте көрініс береді, – деп түсіндірді депутат. – Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияларды мемлекеттің стратегиялық даму бағыты ретінде бекіту – іргелі маңызға ие шешім.
Заңгер ретінде мәжілісмен бұл ұғымдардың құқықтық актінің ең жоғары деңгейінде бекітілуі айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Мұндай жағдайда олардың сақталуы мен іске асырылуына кепілдік те күшейе түседі.
– Бұл жай ғана констатация болмайды, аталған салаларда ауқымды әрі қарқынды іс-қимылдар жүзеге асады деген сөз, – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов. – Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияларды стратегиялық басымдық ретінде бекіту арқылы біз мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түбегейлі қайта қарап, олардың рөлін арттырамыз және бұған дейінгі жеткіліксіз бағалануды еңсереміз.
@halyk_partiyasy