Құмарлық құрдымға жібереді. Ол адам таңдамайды. Оның құрығына қауіпсіздік қызметкерлері мен тәртіп сақшылары да түседі. Мәжілісте құмар ойынына арбалудың салдарынан қайғылы жағдайға ұшырап жатқан жандардың мәселесі талқыланды.
«Қазақстан Халық партиясы» парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жақында «Ойын бизнесі туралы» заңға түзету енгізілгенін еске салды. Құжатқа сәйкес, бұдан былай құмар ойыны ұйымдары әр ойыншы мен бәс тігуші туралы ақпаратты сақтауға тиіс.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, бұл норма елімізде лудоманияның күрт өсуіне байланысты қабылданды. – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындарына тәуелділікті психикалық ауру деп таныды, – деді М. Магеррамов. – Өздеріңіз білетіндей, лудомания көбінесе заңсыз әрекетке және суицидке бастайды. Өкінішке қарай, бұл қасірет погон таққан адамдарды да орға жығып жатыр.
Депутат жақында ҰҚК академиясында болған қайғылы оқиғаны атап өтіп, курсанттардың бірі құмар ойынға тәуелділіктің салдарынан өзіне өзі қол жұмсағанын айтты.
Мәжілісмен оқушылардың құмар ойынға ықтимал тәуелділігіне қатысты мінез-құлқына мониторинг жүргізіліп жатыр ма деген сұраққа жауап іздеді және мұндай жағдайды болдырмау үшін қайтпек керек екенін анықтауға тырысты.
ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Колкобаев оқуға қабылданатын кезде академия талапкерлері психологиялық тесттен, оның ішінде полиграф арқылы кешенді тексеруден өтетінін жариялады.
– Біз мәселені ерекше бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті М. Колкобаев. – Бізде арнайы психологиялық, кадрлық қызмет және ішкі қауіпсіздік департаменті бар.
ҰҚК төрағасының орынбасары қайғылы оқиғадан сабақ алғандарын, тиісті шаралар қабылдағанын және қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтынын жариялады.