Саудада қалай алданбауға болады? Иә, әрбірімізді елең еткізер сұрақ бұл. Осы сауал төңірегінде бүгін «Халық микрофоны» эфирінде талқыланды. Қонақтар: Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Ольга Березуцкая және Балжан Досмұхамбетова.
Ольга Березуцкая 14 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысады.
– Азаматтар бізге жиі жүгінеді, – дейді ол. – Басты себеп – көпшілігі заңдарды білмейді. Салдарынан тұтынушылар күнделікті өздерінің азаматтық құқықтарының тапталуына тап болады. Сондай сәтте көпшілігі не істерін білмейді. Кейбірі, тіпті, заңсыздықпен күресте уақыты мен жүйкесін жұқартқысы келмейді. Сөйтіп, мәселені жылы жауып қояды.
Сапасыз тауар сату мен қызмет көрсетудегі өрескел заң бұзушылықтар бойынша елімізде арыздар жетіп-артылады. Өкінішті әрине. Отандастарымыз медицина, білім беру қызметтерінен бастап, автотұрақ билеттерін қайтару сәтіне де шағымданып жатады.
Қазақстандық қоғамның құқықтық сауатсыздығының салдарынан елдегі ішкі нарықта екіұшты форма пайда болды. Көбінесе, сатып алушылар сапасыз тауарды қайтарған немесе ауыстырған сәтте уақыты мен энергиясын жұмсайды. Тіпті, қаржысын да кетіреді. Ал кәсіпкердің бұл уақытта мұрты да қисаймайды. Біз бұл форманы түзетуіміз қажет.
Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Балжан Досмұхамбетова «Тұтынушының құқықтарын қорғау туралы» жаңа заңның талаптарын таразылап берді. Онда тұтынушы құқын таптап, немқұрайлы қараған кәсіпкерлерге қосымша айыппұл салу туралы норма ұсынылып отыр.
– Норма мемлекеттік сараптамадан өтті және ол мақұлданды, – деді Б.Досмұхамбетова.
Қазақстан Халық партиясы қоғамда тек қаржылық қана емес, заңдық сауаттылықты көтеру туралы нақты жұмыстар жүргізілуі тиіс деп есептейді. Сонымен қатар, елімізде осы саладағы мәселелерді шешу үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтын енгізу қажет.