VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары Орталық сайлау комиссиясында ресми тіркеуден өтіп, куәліктері мен төсбелгілерін алды. Олардың қатарында Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліске өткен депутаттар болды.
Ресми тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін депутаттарды Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров құттықтады.
– Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап сіздердің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары ретіндегі өкілеттіктеріңіз басталды. Сіздер осы сәттен бастап еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатысыздар. Баршаңызды халық қалаулысы атануларыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз үлкен табысқа ұлассын! Халықтың ризашылығына бөленіңіздер!, – деді Н. Әбдіров.Ол Мәжілістің 98 депутаты тікелей сайлау құқығы негізінде сайланғанын атап өтті.
– Сіздерді азаматтар тікелей сайлады. Бұл бір жағынан сенімнің жоғары деңгейі және халық алдындағы үлкен жаупкершілік, – деді ОСК төрағасы.
Естеріңізге салайық, Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлау қорытындысына сәйкес, Қазақстан Халық партиясы 5 пайыздық межені ойдағыдай еңсеріп, ҚР Парламенті Мәжілісіне өтті. Сайлаушылардың дауысы Халық партиясын 5 парламенттік мандатпен қамтамасыз етті.
Мәжіліс депутаттарының кандидатуралары Саяси бюроның кезектен тыс отырысында бекітілді. Нәтижесінде Мәжіліс сайлауына партиялық тізіммен ұсынылған тәжірибелі саясаткерлер Магеррам Магеррамов пен Ирина Смирнова, көпбалалы аналар бірлестігінің жетекшісі Гаухар Танашева, Параолимпиада ойындарының жеңімпазы, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығын қорғаушы Кенжеғұл Сейітжан және жастар квотасы бойынша Ислам Сұңқар мандатқа ие болды.