Мәжіліс Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталыққа қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялады. Құжатқа 2024 жылғы 23 қазанда Вашингтон қаласында қол қойылған.
Меморандум Алматыда орналасқан Әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталықтың (ӨДӨО) қызметін реттейді. ӨДӨО Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның мемлекеттік қызметкерлерге макроэкономика, ақша-кредит және бюджеттік саясат, қаржылық реттеу мен қадағалау, сондай-ақ макроэкономикалық статистика салаларында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
– Бұл Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, Алматыны өңірлік білім мен ынтымақтастық орталығына айналдыруға ықпал етеді, – деп атап өтілді құжатты пленарлық отырыста қарау барысында. – Сонымен қатар, бұл мамандардың біліктілігін арттыруға және мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейтуге жағдай жасайды.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова меморандум Орталыққа және оның қызметкерлеріне бұрыннан бар келісімдерде көзделген иммунитеттер мен артықшылықтардан бөлек қосымша жеңілдіктер беруді қарастыратынын еске салды.
– Негізгі иммунитеттер ХВҚ-мен жасалған халықаралық келісімдерде бекітілген болса, қосымша артықшылықтар берудің қажеттілігі неден туындап отыр? – деп сұрақ қойды депутат. – Ұсынылып отырған режим Қазақстанда жұмыс істейтін басқа халықаралық ұйымдардың шарттарынан ерекшелене ме?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бірқатар практикалық иммунитеттер мен ерекшеліктер Орталық қызметкерлеріне берілетінін растады. Оның айтуынша, Қазақстан ХВҚ-ға қосылған кезде ұйымның Қазақстан аумағында тұрақты жұмыс істеуі қарастырылмаған.
– Қазір мұндай шешім қабылданғандықтан, ол Қазақстан аумағында нақты тұлғалардың болуына қатысты мәселелерді де қамтиды, – деді ол. – Бұл салық төлеу, зейнетақы және медициналық аударымдар сияқты мәселелерге қатысты.
Т. Сүлейменов бұл артықшылықтардың көлемін Қазақстан ынтымақтасатын халықаралық ұйымдар үшін стандартты деп атады. Олардың қатарында Халықаралық даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Еуропалық қайта құру және даму банкі және басқа да ұйымдар бар.
– Бұл – еліміздің негізгі халықаралық серіктестеріне тұрақты негізде ұсынылатын стандартты пакет, – деп түйіндеді Ұлттық банк төрағасы.
@halyk_partiyasy