Бас прокуратура Астана қаласындағы бір емханада бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру фактісін анықтады. Қаржылық айла-шарғылар арқылы шамамен 1,5 миллион АҚШ доллары көлемінде қомақты қаражат ұрланған. Тергеу нұсқасына сәйкес, мекеменің бұрынғы басшылығы азаматтарды емдеуге арналған қаражатты заңсыз түрде жеке шоттарға аударуға мүмкіндік беретін алаяқтық схеманы ұйымдастырған.
Медициналық қызметтерді қаржыландырудың орнына, ақша жақын туыстарға, таныстарға және өзге де аффилирленген тұлғаларға жіберілген. Мұның бәрі заңды қаржылық операциялар ретінде бүркемеленген. Ұрланған қаражаттың бір бөлігі қымбат тұрмыстық техника сатып алуға, ал бір бөлігі Италияға туристік сапарларды төлеуге жұмсалған.
– Бүгінгі күні мемлекетке келтірілген жалпы шығын 675 миллион теңгеден асты, – деді Астана қаласы прокурорының көмекшісі Динара Тукеева. – Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі – «Аса ірі мөлшерде жымқыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова мұндай қылмыстарға тек денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтар ғана емес, сондай-ақ қалыптасқан менталдық стереотиптер де ықпал етеді деп есептейді.
– Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары «тегін қызмет» деген сөздің тасасында шын мәнінде бізде ештеңе тегін емес екенін жасырады, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты. – Барлығын халық салық арқылы төлейді! Ал барлық қаражат мемлекеттік ұйымдарды ұстауға бюджеттен бөлінеді. Яғни, халықтың ақшасы!
Депутаттың пікірінше, бұл жағдай – осындай көзқарастың айқын көрінісі. Мұндай жағдайлар бізде тек денсаулық сақтау саласында ғана емес, басқа салаларда да жиі кездеседі.
– Қарапайым емхана және ұрланған 1,5 миллион доллар! Көзге көрінбейтін, «тегін» деген қаражатты ұрлау қандай оңай! – деп наразылығын білдірді Ирина Смирнова.
@halyk_partiyasy