Ауылдан – мегаполиске!

dep.jpg

facebook.com/magerram.magerramov

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында халық қалаулылары «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда қарады. 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда «жедел дамитын қала» арнайы құқықтық режимі ұғымы бекітілді. Жобаны Алатау қаласының мысалы негізінде іске асыру жоспарлануда.

Бұған дейін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай экономикалық аймақ құру қажеттігін атап өтті.

– Арнайы режимдер тек қаржылық басқаруға, салықтық жеңілдіктерге және капитал тартуға қажетті сот рәсімдеріне қатысты болады, – деді Мемлекет басшысы. – Конституцияда арнайы құқықтық режимді бекіте отырып, біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасаймыз.

Алатауға ерекше мәртебе беру оған тікелей инвестиция тартатын, инновация енгізетін және заманауи қалалық орта қалыптастыратын «ақылды қалаға» айналуға мүмкіндік береді. Заң жобасында қаланы тиімді басқару жүйесін құру, сондай-ақ инвестициялық қатынас, кәсіпкерлік қызмет, қала құрылысы және цифрлық әкімшілендіру салаларында Алатаудың өз актілерін қабылдау көзделген. Бұл аса маңызды, себебі Алатау әу бастан цифрлық экономикаға, IT-секторға, ғылыми орталықтар мен технопарк құруға және жоғары технологиялық өндіріске бағытталған.

– Жоба жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенетін дербес экожүйе ретінде қарастырылады, – деді ҚР вице-премьері Қанат Бозымбаев. – Халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай қаланың жалпы өңірлік өнімі 50 млрд долларды құрауы мүмкін.

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов Алатау қаласына ерекше мәртебе беру оны «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналдырмайтынын атап өтті.

– Мұндай арнайы режимдер – әлемдік тәжірибе, – деді мәжілісмен. – Біз Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары кезінде бұл мәселені айтқанбыз. Сол кезде мұндай тәсіл елдің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіреді деген жалған ақпарат тараған еді. Шын мәнінде, бұлай емес.

Ерекше «жеделдетілген» режим қаланың дамуын ынталандырып, экономикалық өсім мен инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасайды.

– Бұған дейін елорданы көшіру кезінде де Астана қаласына жеке көзқарас, ерекше шарт қолданылған болатын, – деді Магеррам Магеррамов. – Енді, бұл тәжірибенің ауқымы кеңейуде. Бұл – қалыпты халықаралық жоба. Бүгінгі отырыста Дубай және Қытайдағы Шэньчжэнь қаласы мысал ретінде келтірілді. Қысқа уақыт ішінде балықшы ауылдарының мегаполиске айналуы – қолдауға лайық тәжірибе.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy