Теориядан практикаға!

dep.jpg

Қазіргі ауыл шаруашылығы колледждерінің студенттеріне еңбек тәжірибесі жетіспейді! Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы аграрлық бағыттағы техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл бастаманы Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП депутаты Асылбек Нұралин көтерді.

Мәжілісмен атап өткендей, агроөнеркәсіп кешені үшін кадр даярлау агротехникалық колледждердің қалай қаржыландырылатынына тікелей байланысты. Бұл бағыттағы жағдай әзірше көңіл көншітпейді – қолданыстағы қаржыландыру нормалары аграрлық мамандықтардың ерекшелігін ескермейді.

– Мұндай оқыту практикасыз мүмкін емес: заманауи техникамен жұмыс істеу, симуляторлар мен материалдарды қолдану, оқу шеберханалары мен зертханаларын ұстау қосымша қаржыны талап етеді, – деп нақтылады А.Нұралин. – Бұл қолданыстағы нормативтерде қарастырылмаған.

Салдарынан жұмыс күшінің тапшылығы туындайды және мамандардың кәсіби біліктілігі төмендейді. Ал ауыл шаруашылығы колледждерінің түлектері тек ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен қатар онымен байланысты салаларда да сұранысқа ие.

– Мұндай жағдайда формальды оқытуға жол берілмейді, – деп атап өтті А. Нұралин. – Тиімді шешім ақылы дуальды оқыту жүйесі болуы мүмкін: уақыттың 60% – өндірістегі тәжірибе; 40% – колледжде оқу. Бұл студенттерге нақты тәжірибе алуға, еңбек жағдайына тез бейімделуге және оқу кезеңінде саналы түрде мамандық таңдауға мүмкіндік береді.

Болашақ аграршылар тозығы жеткен техникамен жұмыс істеуге мәжбүр, бұл салаға кері әсер етеді. Бұрын өңірлерде ірі егіс алқабы бар совхоз-техникумдар табысты жұмыс істейтін.

– Осы бағытта тиімді басқару болса, барлығын заман талабына сай дамытып, техниканы жаңартып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді меңгеруге болар еді, – деді мәжілісмен. – Агроөнеркәсіп кешені үшін білікті кадр даярлау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қалуы тиіс, өйткені ол елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты.

ҚХП фракциясы Үкіметке қаржыландырудың қолданыстағы нормативтерінің жеткіліктілігін бағалауды және оларды салалық ерекшелігін ескере отырып қайта қарауды ұсынды. Осыдан кейін оқу-өндірістік базаны жаңарту үшін қаржыландыру көзін анықтау және ақылы дуальды оқытуды дамыту шараларын пысықтау қажет екеніне назар аударды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy