Балаларын асырауға алимент төлеуден жалтаратын кейбір ата-аналар (көбіне ер адамдар) «ақшаның қалай жұмсалатыны белгісіз» деген уәж айтады. Яғни, олар алименттің нақты балаға жұмсалатынына күмәнданып, бұрынғы жұбайы оны өз қажетіне жаратады деп ойлайды. Аналар балаларға жұмсаған қаражат туралы әкелерге есеп беруі керек пе деген мәселе Мәжілісте алименттік міндеттемелерді орындау тетігін жетілдіруге арналған дөңгелек үстелде талқыланды.
Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ирина Смирнова мұндай тәсілде құқықтық қайшылық бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясы бұзылады: заңды сақтамай отырған ер адам емес, бала тәрбиелеп отырған әйел кінәсіздігін дәлелдеуге мәжбүр болады.
– Алимент төлеушілер шығындарды егжей-тегжей көрсетуді әділ әрі ашық талап деп танып, бұл мәселені жиі көтереді, – деді депутат. – Шын мәнінде солай ма?
Ең алдымен дәлелдеу мәселесі туындайды. Алимент – бұл белгілі бір мақсатқа арналған келісімшарт емес, баланы асырауға арналған қаражат, сондықтан заң бойынша әрбір шығын бойынша есеп беру міндетті емес. Яғни, ата-ана әрбір сүттің, дәрінің немесе жолақының түбіртегін сақтап, оның балаға жұмсалғанын дәлелдеуге міндетті емес.
– Отбасылық заңнамада мұндай есеп беру міндеті қарастырылмаған, – деп еске салды И.Смирнова. – Алимент алушы онсыз да басқа шығындардың ауыртпалығын және ақы төленбейтін еңбекті өз мойнына алады. Күмәны, дәлелі болса, төлеуші сотқа жүгініп, төлеу тәртібін өзгертуді немесе ай сайын есеп беруді етуге құқылы.
Халықаралық тәжірибеге келсек, алимент біртұтас сома ретінде қарастырылады.
– Онда алимент баланың барлық қажеттілігін кешенді түрде жабады деген қағида бар, – деді депутат. – Қаражаттың жұмсалуын тек ерекше жағдайларда, мысалы, сотта дәлелденген теріс пайдалану болғанда ғана мемлекет бақылайды.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот та төлеуші тарапынан шамадан тыс бақылау бала тәрбиелеп отырған ата-ананың отбасылық өміріне қол сұқпау құқығын бұзуы мүмкін екенін атап өтеді.
– Осылайша, шығындар бойынша толық есеп талап ету тек құқықтық тұрғыдан даулы ғана емес, сонымен қатар күнделікті бала күтімі мен тәрбиесін жүзеге асырып отырған ата-анаға деген сенімге негізделген халықаралық тәжірибеге де қайшы келеді, – деп түйіндеді Ирина Смирнова.
@halyk_partiyasy