
Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының штабы ашылды. Бұл еліміздегі шоғырландырылған саяси және азаматтық бірлестіктердің бірлескен жұмысының басталғанын білдіреді.
Бұған дейін бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым өкілдері бірыңғай құрылым құру туралы шешім қабылдап, жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуге уағдаласты. Бұл іске Қазақстан Халық партиясы білек сыбана кірісті.
– ҚХП Коалиция жұмысына қатысу арқылы ел азаматтарының мүддесін алға ілгерілетуге деген адалдығын растайды, – деп атап өтті елордалық штабтың қызметкері, ҚХП Орталық аппараты ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Анар Дүкенбаева.
Коалиция халықты құқықтық ағартуға және түсіндіру науқанын ұйымдастыруға ерекше назар аударады. Штаб қызметкерлері референдум демократияның маңызды құралы болып табылатынын, ал жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайтынын атап өтті.
– Жоба саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылымды, мәдениетті дамытуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын көрсетеді, – деп атап өтті Анар Дүкенбаева. – Біздің партия өкілдері өңірлердегі азаматтар арасында белсенді жұмыс істей бастады, тұрғындарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен маңыздылығы туралы ақпарат беріліп, мақсаты мен міндеті түсіндірілді.
@halyk_partiyasy