
2025 жылы Қазақстан Халық партиясының қатарына қосылған жастар саны айтарлықтай көп болды. Бұл туралы партияның парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мәлімдеді.
Мәжілісменнің айтуынша, партияда жас буын өкілдерін өз қатарына тартуға бағытталған нақты әрі жүйелі стратегия қалыптасқан. Бұл бағытта партияның жастар қанаты – JAS ORTA белсенді жұмыс істеп келеді. Оларға аға буын әріптестері қолдау көрсетіп, жастардың күш-жігері мен әлеуетін қоғамға пайдалы, сындарлы арнаға бағыттауды көздейді.
– Мұндай нәтижелер ҚХП-ның жастармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуінің арқасында мүмкін болды. Біз бұл бағытта көзбояушылықпен немесе науқандық сипатта әрекет етіп отырған жоқпыз. Партия жас кадрларды қалыптастыру қағидатына айрықша мән береді, – деді Магеррамов.
Партия қатарына қосылатын жастардың білім деңгейі мен өмірлік тәжірибесі әртүрлі. Осы орайда өзін белсенді қырынан көрсете білген жас партия мүшелерінің міндеті – болашақ серіктестерін ортақ мақсатқа жұмылдыра білу.
– Біз үшін партияға келетін жастардың ҚХП-ны біртұтас саяси күш ретінде қабылдауы маңызды. Яғни, бір-бірімен әлсіз байланысқан, бытыраңқы топтардың жиынтығы емес, ортақ ұстанымы бар ұйым екенін түсінуі қажет, – деп атап өтті ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов.
Бұл процесте сенімнің маңызы зор. Жас партия мүшелеріне нақты міндеттер жүктеліп, олар партия аппаратына, депутаттық фракция жұмысына, сондай-ақ түрлі сайлау науқандарындағы үгіт-насихат жұмыстарына қатысады.
– Осылайша бізге келген жастар маңызды тәжірибе жинақтайды, ең алдымен бірлесіп жұмыс істеу мәдениетін меңгереді. Ал партия өз кезегінде кездейсоқ адамдарға емес, көзқарасы ортақ, сенімді жас серіктестерге сүйенетін берік тірек қалыптастырады, – деді депутат.
@halyk_partiyasy