Партия төрағасы Алматы облыстық филиал басшысын қабылдады

dep.jpg Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ҚХП Алматы облыстық филиалының басшысы Төлеужан Жүндібаевпен кездесті.

Басқосу барысында филиал басшысы атқарылған істің нәтижесін тілге тиек етті, алдағы жоба-жоспарымен, өңірдегі өзекті мәселелерді атады.

– Алматы облысында жайылымдық жер, ауылішілік жолдар және ауыз су мәселесі өзекті болып отыр, – деді Т.Жүндібаев. – Біз тұрғындар талап-арыздарын қанағаттандыру мақсатында барынша еңбек етіп келеміз. Бірнеше қоғамдық қабылдаулар өткіздік. Онда ел ішіндегі бірқатар түйткілдердің түйіні тарқатылды.

Кездесуде партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев сайлаушылар сенімі бірінші кезекте екенін баса айтты. – Әрбір сайлаушының сенімі біз үшін маңызды. Сондықтан өзара диалог орнатып, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау, олардың шешілуіне үлес қосу – біздің міндет, – деді.

Басқосуда сондай-ақ, филиал жұмысын жандандыру, партияластар санын арттыру мақсатында бірқатар тапсырмалар да берілді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy