Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының басшысы Ерғали Жұмағұловпен кездесті.
Басқосуда сайлау науқаны кезінде атқарылған істің нәтижесі тілге тиек етіліп, алда атқарылатын істің жоспары талқыланды.
– ҚХП бастауыш партия ұйымдарын құруға және алда болатын ауылдық округ әкімдерінің сайлауына кадрлық резерв қалыптастыруға күш жұмсап жатырмыз, – деп атап өтті Ерғали Жұмағұлов.
Әкім сайлауы – өзекті мәселе. Биыл күзде СҚО-да 23 ауылдық округ әкімінің орны босайды.
Бүгінгі таңда ҚХП СҚО филиалы халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді араласып жүр. Солардың ішінде жер мәселесі ушығып тұр.
– Қазір біз қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы азаматтарға кеңес беріп жатырмыз, – деді Е.Жұмағұлов. – Мәселелерді тыңдап, депутаттық сауал дайындаймыз. Сұрақты сот тәртібімен шешу қажет болса, заңгерлердің көмегімен талап-арыз жазуға көмектесеміз.
Аймақтағы экологиялық жағдай да мәз емес екен. Қарағайлар заңсыз кесіліп, орман оталып жатқан көрінеді. Бұған қоса Петропавл қаласының маңынан 200-ден астам жабайы полигон анықталған.
– Халық үдере көшіп жатыр, – деді филиал басшысы. – Себебі оларға өмір сүруге қолайлы жағдай жасалмаған. Жол нашар, интернет сапасыз, инфрақұрылымның сапасы сын көтермейді. ЖЭО-ның алдағы жылыту маусымына дайындығы күмән туғызып отыр. Өйткені нысан 60%-ға тозған. Партия жергілікті атқарушы билікпен байланыс орнатып, мезгіл мәселелерін бақылауда ұстап отыр.