Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев ҚХП Маңғыстау облыстық филиалының басшысы Әбдірашид Ниязбен кездесті.
Басқосуда филиал басшысы жыл басынан бері атқарылған істерді атады. – Жыл басынан бері 330 түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Оның қатарында кездесулер, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық жұмыстары да бар, – деді филиал төрағасы Ә.Нияз.
Бүгінде Маңғыстау облысында Халық партиясы атынан сайланған депутаттар табанды еңбек етіп келеді. Сайлаушылармен 25 кездесу өткізіп, түрлі мәселелерді қамтыған 5 депутаттық сауал жолдаған.
– Қоғамдық қабылдауларға да келетін тұрғындар қарасы қалың, – деді кездесуде филиал басшысы. – Біздің партияға үміт артқан әрбір азаматтың мәселесі жіті назарда.
Кездесуде сондай-ақ, аймақта жиі орын алып жатқан еңбек дауларын шешу, ондағы қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесі сөз болды.
Басқосу қорытындысында партияластар санын арттыру, БПҰ құру, сайлаушылармен тығыз қарым-қатынас орнату орайында бірқатар тапсырмалар да берілді.