Кеше тарихи референдум өтті. Халқымыз өзінің кемелдігін көрсетіп, Конституцияға енгізілетін түзетулердің қабылдануын қолдады! Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен жаңа Қазақстанды сайлаушылардың 77% - ы қолдады, ал дауыс беруге қатысу 68% - дан асты.
Қазақстан Халық партиясы бірден қоғамдағы идеялық күреске қосылып, референдумды қолдау үшін үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Біз нәтижеге ризамыз және бұл – барлық қазақстандықтардың жеңісі деп санаймыз! Қазақстандықтар іс жүзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор сенім білдірді.
Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік конституциялық іргетасы қаланды деп айтуға болады.
4 - сәуірде Қазақстан Халық партиясы мемлекет емес, халық жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі болуы керек деген бастамасын ресми түрде жариялап, Конституцияға енгізілетін түзетулерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына жолдады. Халық партиясының түзетуі қабылданды. Бұл түзетудің әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру үшін маңызы зор.
Референдумнан кейін қазақстандықтардың алдында тұрған басты міндет – Конституцияның қабылданған нормасын заңнамалық және тәжірибелік тұрғыда іске асыру. Барлық мемлекеттік компанияларды, бірінші кезекте «Самұрық-Қазына» қорын шенеуніктердің қолынан тікелей және дереу халықтың меншігіне беру қажет.
Үкімет мемлекеттік активтерді тиімді басқара алмайды. «Самұрық-Қазына» қорының дивиденд төлегеннен бюджеттен ақша алғаны әлдеқайда көп. 2008 жылдан бастап Қордың жарғылық капиталына бюджеттен түскен жарна – 1,8 трлн теңгені, ал Қордың бюджетке төлеген дивиденді небары – 450 млрд теңгені құрады.
Біз, Қазақстан Халық партиясы «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген Конституциялық норманы іске асыру жөніндегі халық заңын жария түрде әзірлеудің басталғанын мәлімдейміз.
Біз бұл бастамаға бей-жай қарамайтын азаматтарды, әсіресе заңгерлерді, экономистерді, қаржыгерлерді заңның жазылуына атсалысуға үндейміз.
Біз «Amanat», «Ақ жол» партияларын, сондай-ақ парламенттік емес, оның ішінде әлі тіркелмеген партияларды да халықтық заңды әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысуға шақырамыз.
Нәтижелі жұмыстың қорытындысында әрбір қазақстандық халық меншігінен тікелей кіріс, атап айтқанда мемлекеттік компаниялардан дивиденд алады деп санаймыз.
Заң әділетсіз жекешелендірудің нәтижелерін қайта қарау механизмін және мұндай активтерді олигархтардың қолынан халықтың меншігіне қайтаруды қарастыруы тиіс.
Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты және жаңа заң әзірленгенге дейін біз Үкіметтен мемлекеттік компанияларды жекешелендіруді тоқтатуды талап етеміз. Биыл және алдағы жылдары «ҚазМұнайГаз», «Air Astana», «QazaqGaz» және т.б. қоса алғанда «Самұрық-Қазына» қоры шамамен 40 кәсіпорынды жекешелендіруге шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі жағдайда олар арзан бағамен сатылады. Бұл халықты шығынға ұшыратады. Халықтың активі қайтадан олигархтарға оралмауы керек.
Бұған қоса жыл соңына дейін шетелге заңсыз әкетілген, халықтың меншігі болуға тиіс қаражатты елге қайтару қажет. Бұл шамамен 146 млрд. АҚШ доллары.
Әрбір қазақстандық еліміздің байлығынан пайда табуы үшін әділетті Қазақстанды бірге құрып, халық меншігін бірлесіп басқарайық.
Қазақстан Халық партиясының қатарына қосылыңыздар!