Бақылауда!

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан «Мұқалмас» РҚБ ұйымдастырған «ҚР сайлау құқығы мәселелері бойынша диалог» атты сараптамалық кездесуге қатысты.

Жиында сайлау жүйесіндегі өзгерістер мен оларды қолдану тәжірибесі, сондай-ақ қоғамдық бақылау институтын дамыту мәселелері талқыланды. РҚБ төрағасы Ғазиза Әмірбекова ұйымның бағыт-бағдарын, электоралдық үдерісті бақылауға қатысуын тілге тиек етіп, алдағы референдум мен одан кейінгі сайлау науқанындағы жоспарына тоқталды. Ғ. Әмірбекованың айтуынша, бірлестіктің ел бойынша шамамен 30 өңірлік филиалы бар. Мұнда 3000-нан астам тәуелсіз байқаушы біріккен.

Кездесуде рәсімдердің ашықтығы, тәуелсіз байқаушылардың жұмыс істеуіне жағдай жасау, сайлау мен референдумды өткізуге қатысты түсіндіру сипатындағы нормативтік-құқықтық актілерді жаңарту мәселелері де сарапталды.

– Басты міндет – рәсімдерді баршаға түсінікті, ашық әрі бәріне бірдей ету, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. – Байқаушылардың жұмысы қорғалып сайлау үдерісі сенім тудыруы тиіс.

Іс-шараның қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, сайлау үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу саласы бойынша алда атқарылатын іс-шараларды айқындады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy