Жаңа Конституция азаматтардың құқығы мен бостандығын саяси себеп бойынша шектеуге жол бермейді. Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов бұл норманың тікелей бекітілгенін атап өтті. Мәжілісменнің пікірінше, бұл – азаматтардың құқығын қорғаудың ең күшті және тұжырымдамалық конституциялық кепілдіктердің бірі.
М.Магеррамов аталған норманың маңызын ерекше атап өтті: ол мемлекетке азаматтың сеніміне, көзқарасына және елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуына қатысты құқығын шектеуге тікелей әрі нақты тыйым салады.
– Кез келген азамат өз пікірін еркін білдіруге, сайлауға қатысуға, саяси партияға мүше болуға, билікті сынауға немесе керісінше қолдауға құқылы, – деп түсіндірді ҚХП фракциясының жетекшісі. – Сонымен қатар ол азамат ретінде өз құқығының қорғалатынына сенімді бола алады.
Осыған сәйкес, мемлекет адамды жұмысынан айыра алмайды, оны қоғамдық өмірден шектей алмайды немесе басқа саяси ұстанымда болғаны үшін қандай да бір қолайсыз жағдай жасай алмайды. Міне, дәл осы тұста қосымша кепілдік көрініс табады.
– Алайда бұл норма шектеулердің рұқсат етілуі жөніндегі жалпы қағидатпен қисынды түрде үйлеседі, – деп нақтылады М.Магеррамов. – Кейбір жағдайларда, мысалы, мемлекеттің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті немесе басқа азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау туралы сөз болғанда. Бірақ мұндай жағдайда адамның саяси көзқарасы емес, заңға қайшы нақты әрекеті негізге алынады.
Мәжілісмен мысал ретінде саяси қызметтің атын жамылып, зорлық-зомбылыққа, араздықты қоздыруға немесе заң бұзуға бағытталған әрекеттерді келтірді.
– Мұндай жағдайда жауапкершілік туындайды, – деп растады парламентарий. – Бұл жерде жауапкершілік саяси көзқарасы үшін емес, заң бұзғаны үшін жүктелетінінін атап өтуіміз керек. Бұл норма нақты әрі әділ тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Ол саяси құқық пен бостандықты қорғайды. Сонымен қатар құқықтық тәртіпті бұзғаны және заңсыз әрекет жасағаны үшін жауапкершілік жүктейді.
@halyk_partiyasy