
Қазақстан қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бағытында берік негіз қалыптастырды. ҚХП парламенттік фракциясының депутаты, кәсіби кәсіподақ қызметкері Асылбек Нұралин Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғауға қатысты заңнамаға енгізілетін түзетулерді осылай сипаттады.
Пленарлық отырыста депутат елімізде қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бұдан бірнеше жыл бұрын қабылданғанын атап өтті.
– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін тек стратегия қабылдау жеткіліксіз. Ол үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбек құқыңын қорғауды реттейтін тиянақты, түсінікті нормалар қажет, – деді Нұралин.
Оның айтуынша, жаңа заң жобасы еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін нығайтады, еңбек және денсаулық сақтау салаларының өзара іс-қимылын үйлестіреді, тараптардың қорұқықтары мен міндеттерін нақтылай түседі.
– Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстандағы еңбекті тек өнімді ғана емес, сонымен бірге қауіпсіз, заманауи және қадірлі ету. Себебі өзін жұмыс орнында қауіпсіз сезінетін адам үлкен ықыласпен еңбек етеді, болашағына сенімді қарайды және ел дамуына да көбірек үлес қосады, – деді депутат.
Еңбекақыны арттыру, оны инфляция деңгейіне қарай түзету және басқа да мәселелер құжаттың екінші оқылымында талқыланатын болады.
– Бұл заң жобасын қабылдау – заңды әрі қажет қадам! – деп қорытындылады Асылбек Нұралин.
@halyk_partiyasy