Конституциялық реформа бойынша референдум өз мәресіне жақындап қалды. Дегенмен, халық арасында әлі де көптеген сұрақтар бар. Сондықтан Қазақстан Халық партиясының өкілдері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының құрамында сайлаушылармен түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
ҚХП Абай облыстық филиалы мектеп ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Ағартушылық іс-шаралар №12 және №13 жалпы білім беретін мектептерде өтті. Кездесулерге ҚХП облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Кеңесбаев қатысты. Ол саяси жаңғырудың негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді.


– Конституцияда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуы, заң мен сот алдында баршаның теңдігі нақты айқындалған, – деп атап өтті спикер. – Сонымен қатар әрбір азаматтың мемлекет ісін басқаруға тікелей немесе өз өкілдері арқылы қатысу құқығы белгіленген. Референдум – осы құқықты жүзеге асырудың тікелей әрі маңызды тетіктерінің бірі.
Маңғыстау облысында партия мүшелері Ақтау қаласындағы №1 емхананың ұжымымен пікірталас өткізді.

– Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі баптары талқыланды, – деді іс-шара ұйымдастырушылары. – Ұжым белсенділері медицина қызметкерлері референдумның маңызын түсінетінін және 15 наурыз күні дауыс беруге дайын екенін атап өтті.

Жетісу облысында коалиция өкілі және ҚХП мүшесі Олжас Ибраимов облыстық және аудандық штабтардағы әріптестерімен бірге Панфилов ауданының Жаркент қаласының жастарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен басымдықтары кеңінен түсіндірілді.


Әсіресе жастардың ел өміріндегі рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, білім беру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нормалар айтылды.

– Жастардың белсенді азаматтық ұстанымы – мемлекеттің берік тірегі, – деп қорытындылады Олжас Ибраимов.
@halyk_partiyasy