2026 жылғы 17 наурызда Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыұлттық референдумның қорытындыларына арналған отырыс өткізді.
ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов атап өткендей, қазақстандықтар жаңа Конституцияны жаппай қолдады. Оның идеялық бастамашысы – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ал тең авторы – Қазақстан халқы.
– ҚХП елде өрбіген қоғамдық-саяси үдерістердің белсенді қатысушысына айналды, – деп еске салды М. Магеррамов. – «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында ҚХП өкілдері халық арасында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
ҚХП депутаты Ирина Смирнова конституциялық жоба нормаларына партия бұрыннан ұсынып келген көптеген идеялар мен бастамалардың енгенін атап өтті.
– Бұл – бір палаталы Парламент, бұл – қабылданатын шешімдер үшін шенеуніктердің жауапкершілігі, бұл – меншік нысандарының теңдігі және т.б., – деп нақтылады мәжіліс депутаты.
Оның әріптесі Асылбек Нұралин жаңа Конституция еңбек қатынастарына түбегейлі өзгеріс енгізгенін еске салды.
– Жаңа Конституция еңбектің маңызын ең жоғары әлеуметтік құндылық ретінде күшейтеді, – деп атап өтті ол. – Ал адамның еңбек қызметіндегі қорғалуы мемлекеттің негізгі міндеті болып қала береді.
ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан талқылау үдерісінде де, референдум барысында да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ақпаратқа қол жеткізуге және барлық референдум учаскелерінде дауыс беру құқығын жүзеге асыруға толық жағдай жасалғанын атап өтті.
– Конституцияда біз халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға ерекше көңіл бөлетін әлеуметтік мемлекет болдық және болып қала береміз деп нақты жазылған, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты әрі омбудсмен. – Мен үшін, уәкіл ретінде, бұл өте маңызды мәселе.
ҚХП депутаты Ислам Сұңқар референдумға қатысудың жоғары көрсеткіші азаматтардың саяси үдеріске кеңінен тартылғанын көрсететінін мәлімдеді.
– Жалпыұлттық коалиция құру бұл – өте жақсы бастама болды, – деп түсіндірді ол. – Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірікті. Ал біздің түсіндіру жұмысымыз – ауылдарға, аудандарға барып, әрбір үйге кіргеніміз – адамға бағдарланған, адамға бағытталған тәсілдің айқын көрінісі болды. Біз әрбір азаматқа саналы түрде шешім қабылдауға мүмкіндік бердік.
Отырысты қорытындылай келе Магеррам Магеррамов әріптестеріне, сондай-ақ елордадағы және өңірлік филиалдардағы барлық партия мүшелеріне Конституциялық реформаны жүзеге асыру ісіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
@halyk_partiyasy