Президент Қазақстан Халық партиясының әлеуметтік мәселелерді шешетініне сенім білдірді

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Сессия VIII сайланған Мәжілістің бірінші пленарлық отырысымен жалғасты.

Президент Жаңа Қазақстанды дамытудың бағытын айқындады.

– Алдымызда айрықша маңызды міндет тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Біз жаңа дәуір қарсаңында тұрмыз, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы басты міндеттердің бірі – жеке меншікті қорғау және нарықтың бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету екенін айтты.

– Сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды жалғастыру қажет. Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады, – деді Президент.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, елдегі жағдай түбегейлі өзгерді.

– Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы. Президенттің пікірінше, халық елді жаңғырту жөніндегі бастамаларды қолдайды. Бұған былтырғы жалпыұлттық референдум дәлел.

– Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі реформа жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды. Реформаларымыз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Бұл қағида – мемлекетіміздің басты тірегі, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы референдумнан кейін Конституцияның жаңа талабына сай билік тармақтарын түгел жаңғырғанын жариялады.

– Халықтың да көптен күткені осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік. Қазақстанның жаңарып, жаңғыра бастағанына жұрттың көзі жетті, – деді Президент.

Қ.Тоқаев саяси реформаларды жүзеге асыру үшін Парламент пен Үкімет бірлескен жұмыстарды тығыз үйлестіруі тиіс екенін мәлімдеп, Қазақстан Халық партиясының әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысатынына сенім білдірді

– Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын-алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан Халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы. VIII сайланған Мәжілістің бірінші пленарлық отырысында жаңадан сайланған мәжілісмендер ант қабылдады. Осыдан соң Парламенттік фракциялар мен Комитеттердің құрамын бекітті.

Қазақстан Халық партиясынан мәжіліске 5 депутат өтті. Олар парламенттегі 7 комитеттің бесеуінің жұмысына атсалысады.

Көпбалалы ана, қоғам белсендісі Гаухар Танашева – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің, кәсіби заңгер Магеррам Магеррамов – Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің, тәжірибелі оқытушы Ирина Смирнова – Қаржы және бюджет комитетінің, қоғам қайраткері Кенжеғұл Сейітжанов – Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің, жас депутат – Ислам Сұңқар Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің құрамына қабылданды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy