
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында шенеуніктерге ұсақ шаруашылықтарды кооперациялау тетігін толыққанды іске қосуды тапсырды.
Мемлекет басшысы шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, нақты кооперация жүйесін жолға қою арқылы Нидерланд елі 130 млрд доллар көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отырғанын атап өтті.
– Үкімет фермерлерді жаңа форматтағы кооперативтерге бірігуге ынталандыру бойынша батыл шара қабылдауы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Биыл 1 қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығындағы кооперация туралы» жаңа заң әзірлеуді тапсырамын.
Осыған ұқсас мазмұндағы «Кооперативтер туралы» заң жобасына Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы бастамашы болуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша жұмыс өткен жылдан бері жүргізілуде. Фракция бұл мәселе бойынша тақырыптық іс-шаралар өткізді, оның ішінде Парламентаризм институтымен бірлескен жиындар да болды. 2026 жылдың бірінші жартысында құжатты Мәжілістің қарауына енгізу жоспарлануда.
– Біз бұл заңның қабылдануы ел экономикасында ірі кооперативтік сектордың қалыптасуына жол ашады деп сенеміз, – деп атап өтті фракция жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов. – Сонымен қатар ол отандық экономиканың көптеген салаларында кооперацияның түрлі нысандарын кеңінен қолдануға ықпал етеді.
@halyk_partiyasy