Спорт баршаға қолжетімді болсын!

dep.jpg

Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін бұқаралық спорт тәжірибе көрсетіп отырғандай «бұқаралық» деп айтуға келмейді. Онда әлі күнге дейін ерекше қажеттілігі бар адамдарға орын жоқ. Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат, Президент жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан осы әділетсіздікті түзету туралы ұсыныс жасады.

Мәжілісмен әрі омбудсмен өзінің депутаттық сауалында соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұқаралық спорттық шараларды ұйымдастыратын жеке қауымдастықтар мен басқа да ұйымдастырушыларға ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Бұған көшелерді жабу, логистикалық қолдау, жергілікті атқарушы органдар мен жедел қызметтердің қатысуы және т.б. жатады. Алайда барлық қамтамасыз ету шараларының ішінде мүгедектігі бар адамдар (МБА) үшін іс-шараның қолжетімділігі мен қауіпсіздігі ескерілмейді.

– Салдарынан мүгедектігі бар адамдардың бұқаралық спорттық шараларға қатысуы біржолғы және жүйесіз сипатқа ие болады. Ал олар мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктерге сүйенудің орнына ұйымдастырушылардың қалауына көнеді, – деп атап өтті Кенжеғұл Сейтжан. – «Бұқаралық» тек декларация болып қала береді. Өкінішке қарай, ұйымдастырушылар көбіненесе қосымша міндеттерді мойнындарына алуға дайын емес, ал қолданыстағы инфрақұрылым мүгедектігі бар адамдарға бейімделмеген.

Айта кету керек, Қазақстанның азаматтардың қоғамдық, мәдени және спорттық өмірге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық және ұлттық міндеттемесі бар. Яғни, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін жарыстардың қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз етудің міндетті талабының болмауы халықаралық міндеттемелерге де, Қазақстанның стратегиялық құжаттарына да қайшы келеді.

ҚХП фракциясы мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін бұқаралық спорттық шараларды ұйымдастырушыларға қолжетімділік пен инклюзивтілікті қамтамасыз ету бойынша міндетті талап енгізу мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулерді қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар түрлі деңгейдегі мүгедектігі бар спортшыларға қызмет көрсету үшін персонал мен еріктілерді дайындаудың біртұтас стандарттарын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ мемлекеттің қолдауымен өтетін шараларға қойылатын міндетті талап тізіміне қолжетімділік пен инклюзивтілік критерийлерін енгізуді қамтамасыз ету бастамасы көтерілді.

– Аталған шараларды іске асыру адаптивті және паралимпиадалық спорт түрлерінің нақты «бұқаралық» сипатын қамтамасыз етуге, мүгедектігі бар адамдардың бұқаралық спортқа қолжетімділігін арттыруға, олардың әлеуметтік интеграциясын күшейтуге және Қазақстанда инклюзивтілік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті К.Сейтжан. – Бұл біз мақсат етіп отырған инклюзивті қоғам құруға жасалған нақты қадам болады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy