ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы ел үшін маңызды бірқатар мәселелерді көтерді. Атап көрсетерлігі, алда болатын парламенттік реформа ерекше назар аударылды.
Жоғары мінберден сөз сөйлеген Президент Қазақстанның экономикалық, қоғамдық, заңнамалық және ғылыми жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар жылдар бойы елімізде қордаланған өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, болашақтағы ауыз су тапшылығы мен мемлекеттік рәміздерді тиісінше пайдаланбау, экология және отбасылық құндылықтарды сақтау мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмыстық сипаттағы «қыз алып қашу», энергетика саласындағы кемшіліктер мен басқару жүйесіндегі олқылықтар, логистикалық инфрақұрылымның әлсіздігі, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ауқымды қаржылық заң бұзушылықтар сөз болды. Мемлекет басшысы интернет алаяқтық «ұлттық қауіпсіздікке төнген нақты қатер» екенін атап өтті, ал өткен тарихи трагедияны саяси немесе өзге мақсатта пайдалану әрекетін «кешегі күнмен өмір сүру» деп бағалады.

– Әлем саясат пен экономикадан бастап климат пен технологияға дейінгі барлық өлшемде трансформациялануда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Мұндай жағдайда біз, Қазақстанда батыл, ерекше және инновациялық шешім қабылдауға тиіспіз. Үлкен әрі түбегейлі өзгерістердің уақыты келді. Біздің ел жаңа дәуірден лайықты орын алуы тиіс.
Қазақстан ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне өтпек. Бұл өзгерістердің өзегі алдағы парламенттік реформа болмақ. Бұған дейін Президент бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерген болатын. Кейін бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері кірді. Олардың қатарында Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі депутаттық фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов та бар.
Сонымен қатар E-Otinish платформасында және Egov порталында «парламенттік реформа» атты арнайы бөлім ашылды. Онда азаматтарға осы мәселе бойынша пікір білдіріп, ұсыныс жолдауға мүмкіндік берілді. Барлық бастамалар мен ұсыныстар жинақталып, жүйеленді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
– Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауына қатысты пікірімді білдірейін, – деді Мемлекет басшысы. – Оған Құрылтай деген атау беріледі деп үміттенемін. Құрылтайдың тарихи негізі де, мағынасы да халқымызға түсінікті әрі жақын. Біз Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың нышаны ретінде сақтап қалуымыз керек.
Депутаттардың саны қанша болу керек деген сұрақ қызу пікірталас туғызып, ақырында жұмыс тобы мандат саны 145 болуы тиіс деген қорытындыға келді. Жаңа Парламентте төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін, ал комитеттер саны 8-ден аспауы керек. Өкілеттікке келетін болсақ, бұған дейін Мәжіліс, Сенат және Президент арасында бөлінген бірқатар міндеттер жаңа Парламентке берілмек.

Атап айтқанда, Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру өкілеттігі. Сондай-ақ Президент Жоғарғы соттың барлық судьяларын сайлау құқығын депутаттарға беруді ұсынып отыр.
– Бұл - қазақстандық парламентаризмді дамытуға және билік тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін нығайтуға жасалған үлкен қадам, – деп атап өтті президент.

Бірқатар ұсыныстар жаңа Парламент құру тәртібіне қатысты болды. Мұндағы сайлау жүйесі партиялық тізім бойынша пропорционалды болып таңдалды (бұл ретте өңірлік мәслихаттарда мажоритарлық жүйе сақталады). Президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Бірақ жастар, әйелдер және мүгедектігі бар адамдар үшін пайыздық мөлшерлеме сақталады.
– Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатының жарқын көрінісі, сондай-ақ еліміздің барлық қоғамдық-саяси өкілдерін ескеретін маңызды талап болып табылады, – деп нақтылады мемлекет басшысы.– Сондықтан мен бұл нормаларды өзгеріссіз қалдыруды ұсынамын.
Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау және заң қабылдаудың үш сатылы рәсімін енгізу көзделген. Бірінші кезеңде жалпы заң жобасы мақұлданады. Содан кейін өзгерістер мақұлданып, соңында заң қабылданады. Жаңашылдық тек Парламентке ғана қатысты емес. Президент өз миссиясын «іс жүзінде табысты аяқтады» деп бағалаған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық Кеңесі құрылады.
– Мазмұны жағынан ол өзге елдердің кеңесші құрылымдарының тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болады, – деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Оның құрамында барлық этностар, халықтың әлеуметтік топтары мен өңірлердің өкілдері болады.

Кеңес 126 адамнан құралады. 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден, 42 өкіл – ірі қоғамдық ұйымдардан, 42 өкіл – мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден болады. Кеңеске заң шығару бастамасы, этносаралық және конфессияаралық келісімнің негізгі мәселелерін шешу, сондай-ақ ішкі саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныс әзірлеу құқығы беріледі.
Бұған қоса Кеңес мемлекеттік идеологияға қатысты мәселелерді, сондай-ақ Конституция мен мемлекетіміздің өзге де аса маңызды құжаттарының ережелерін ілгерілету және түсіндіру ісімен айналысады
Елдің жоғарғы басқару жүйесі де өзгеріске ұшырайды. Қазіргі уақытта Президент өз өкілеттігін орындай алмайтын жағдай туындаса, оның өкілеттігі шектеусіз мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметінен кеткен жағдайда екі ай ішінде кезектен тыс президенттік сайлау өтетіні туралы норма негізгі заңда нақты бекітілуі тиіс.
Сонымен қатар елде Қазақстан Республикасының вице-президенті институты құрылып, оның өкілеттігі Конституцияда белгіленеді. Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, көпшілік дауыспен тағайындайды. Ал Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Қысқасы, Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

– Шын мәнінде, біз жаңа Конституция қабылдауға қадам жасаймыз, – деп қорытындылады мемлекет басшысы. – Сондықтан мен конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Ертең арнайы Жарлыққа қол қоямын. Комиссия барлық ұсыныстарды талдап, қорытындылап, нақты өзгеріс жобасын әзірлейді. Бұдан кейін жалпыхалықтық референдум өткізу уақыты белгіленеді.
@halyk_partiyasy