Бүгін Қазақстан Халық партиясы Қызылорда облыстық филиалында кеңес отырысы өтті. Онда партия филиалының төрағасы сайланды. Нәтижесінде, Қайрат Ерназаров аталмыш орынтаққа лайықты деп танылды.
Қайрат Шаршыбекұлы 1965 жылы 15 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1984 жылы Қызылорда политехникалық техникумын «Гидромелоративтік механикаландыру», 1991 жылы Новосібір аграрлық университетін «Ауылшаруашылық инженері» және 2008 жылы Қызылорда гуманитарлық университетін «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы Қызылорда облыстық Арал аймақтық ауылшаруашылық ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері болып бастаған. Әр жылдары Қызылорда облыстық әкімдігі жанынан ашылған «Қызылорда сыртқы байланыс» мекемесі директорының орынбасары, «Нұр-Сәулет» ЖШС және «БАҚ-БЕРЕКЕ» ЖШС құрылыс және гидромелиоративтік мекемесінің бас директоры қызметтерін атқарған.
Кеңес мүшелері Қайрат Ерназаровтың өңір тұрғындары арасында абыройлы, көпке танымал азамат әрі ұтқыр ұйымдастырушы екенін айрықша атады. Ол Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы және Қызылорда қалалық мәслихатының IV, V, VI шақырылымдарының депутаты болған. Қазіргі уақытта бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты.
Отырыс қорытындысында Қайрат Ерназаров өзіне жүктелген әріптестерінің сенімін ақтауға уәде берді. Кеңес мүшелері жаңа төрағаның жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.