Қазақстандықтар лайықты жалақы алуға тиіс

Қазақстан Халық партиясы «Жалақы жан бағуға емес, емін-еркін өмір сүруге жетуге тиіс!» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен кәсіподақтардың өкілдері, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) сарапшылары қатысты.

ҚХП депутаты Ирина Смирнова атап өткендей, Қазақстан Халықаралық рейтингте жалақы деңгейі бойынша әлемнің 106 елінің ішінде 80 - орында тұр.

– Қазақстан Халық партиясы лайықты жалақы төлеу, жұмыс істейтін кедейлік тәжірибесінен шығу және әлеуметтік теңсіздіктің өсуі мәселесін жүйелі түрде көтеріп келеді, – деп атап өтті мәжілісмен. – Шындығында миллиондаған қазақстандықтар жұмыс істейді, бірақ жалақыдан жалақыға әрең жетеді. Яғни іс жүзінде кедейшілікте өмір сүреді.

И. Смирнованың айтуынша, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін (ЕТЖ) және базалық лауазымдық жалақыны қандай әдістеме бойынша есептейтіні күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Бюджет қызметкерлеріне қосымша төлем қандай да бір талап пен тәртіпке сүйенбей жасалады.

ҚХП депутаты Ислам Сұңқар ауылдағы жас мамандардың мардымсыз жалақысына басқа қырынан назар аударды. – Ауыл жастары – ерекше назар аударуды қажет ететін ерекше әлеуметтік – демографиялық топ, – деді депутат. – Әрине ауыл жастарының еңбек нарығындағы үлесі аз. Олардың арасында ресми жалақымен және барлық әлеуметтік және зейнетақы аударымымен тұрақты жұмыс істейтіндері де шамалы.

Дөңгелек үстелде кәсіподақ өкілдері мен Халықаралық еңбек ұйымының сарапшылары ұсыныс білдірді. ХЕҰ экономисі, жалақы жөніндегі маман Розалия Васкес-Альварес елдегі жұмыспен қамту деңгейі 66%, ал жұмыс істейтін халық арасындағы кедейлік көрсеткіші 10% екенін атап өтті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy