Қазақстанда электромобиль танымал бола ма?

Қазақстан Халық партиясы елімізде электр автокөлігінің ахуалы қандай екенін білуге тырысты.

Үкімет экологиялық таза көлікке көшу идеясын бұрыннан бері алға тартып келеді, бірақ әзірше нақты нәтиже жоқ. – Электромобильдің санын ұлғайтуға қатысты бірқатар жобалар мен бағдарламалардың бар екеніне қарамастан, Қазақстан бұл салада көптеген дамыған елдерден артта қалып келеді, – деді ҚХП парламенттік фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов. – Бұған жобалардың жүзеге аспайтыны себеп болып отыр.

Халықаралық энергетикалық агенттік болжағандай, әлемдік электромобиль паркі 2025 жылға қарай іс жүзінде 200 есе ұлғайып, 200 млн бірлік көлікке жетеді. Қазақстанда ілгерілеу бар ма? Партия осы сауалды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне жолдады.

– Елімізде электр көлігін пайдалануды ынталандыру бойынша нақты қандай шара жоспарлануда? – деп сұрады М. Магеррамов.

Электромобильдерге елдімекендерде, автомобиль жолдарында қуат беретін станциялар қажет екенін ұмытпаған жөн. Мұндай станциялар Астана, Алматы сияқты мегаполистерде де дұрыс жұмыс істемейді. 100-ге жуық станция қазірдің өзінде қызмет көрсетпей тұр. Үкімет электромобильдің танымалдығын арттыру үшін халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізе ме, жоқ па, бұл да белгісіз.

Мәжілісмен Экологиялық кодекске сәйкес кәдеге жарату үшін төленген қаражаттың бір бөлігі экологиялық таза көлік пен оның инфрақұрылымын ынталандыруға бағытталуы тиіс екенін еске салды.

– Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қуат беру станцияларын орналастыру жоспарланған ба? Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға ішкі жану қозғалтқышы бар автокөліктердің кіруіне шектеу қойыла ма?– деп сұрады депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy