ҚХП депутаттары Үкіметті бюджет тапшылығы үшін сынады

dep.jpg Сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметі республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Жиында Қазақстан Халық партиясының депутаттары пікір білдірді.

ҚХП фракциясының басшысы, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов атап өткендей, Үкімет ұлттық экономиканың жағдайын нашарлататын қатерлерді дер кезінде анықтауы және оған тосқауыл қоюы тиіс. Бізде осы мәселе ақсап жатыр.

– Өткен жылдардағы стандарттар бойынша бағдарлау тиімсіз және қауіпті, –деп атап өтті мәжілісмен. – Ал ЖІӨ-нің 3,3% - ға өсуі қарапайым адамдардың әл-ауқатында сезілмейтін әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық көрсеткіші ғана болып табылады.

Халықтың нақты табысы, шикізаттық емес сектордың жай-күйі, білім беру, ғылыми-технологиялық сала немесе жұмыссыздық көрсеткіші сияқты ақпараттық индикаторлар бізде аса қолайлы емес.

– Біздің азаматтардың көпшілігінің табысының өсуі өмір сүрудің нақты құнынан артта қалып келеді, – деді М. Магеррамов. – Қоғам мүшелерінің материалдық тұрғыдан жіктелуі тереңдеп, жұмыспен қамтылу көлемі қысқарып жатыр. Халықтың қарызға батуы белең алып келеді. Бұл төлем қабілеттілігінің төмендегенінің көрсеткіші. – Біз – экономикалық әлеуеті мол және еңбекқор халықпыз, – деді ҚХП фракциясының басшысы. – Алайда еңбек адамы жан бағуға мәжбүр.

Азаматтардың әл-ауқаты төмендеп, баға шарықтап барады. Әрбір қазақстандық отбасылық бюджетінің 50% -ға жуығын азық-түлікке жұмсап отыр. «Жұмыс істейтін кедейлік» өркендеп келеді. Азаматтар тамақ үшін жұмыс істеуге көндігіп отыр.

– Азық-түлік инфляциясының жоғары қарқынының салдарынан ел азаматтарының тапқан табысы тамақ алудан артылмайды. Соның кесірінен олар өздерін дамытудан, демалудан, денсаулығын жақсартудан ақша үнемдейді, – деді М. Магеррамов.

Мәжілісмен Үкіметтің қолданып отырған әдісін сынға алып, басымдық бюджет қаражатын автоматты түрде игеруге және өткізілген іс-шаралардың санына емес, экономика саласындағы сапалы өзгеріске, оның ішінде азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға берілуі тиіс деп мәлімдеді.

– Мемлекеттің экономикаға қатысуының үлесін анықтауға механикалық тәсіл қолданудан бас тартатын кез келді, – деді ол.

ҚХП басқарушы құрамның тиімділігінен бастап басқару жүйесін қайта қарауды ұсынды.

– Бүгінгі таңда бұл институт іс жүзінде ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігі үшін, тіпті олардың шығындары үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды, – деді фракция басшысы.

Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қабылдай отырып, ҚХП депутаттары Үкімет ескертулерге назар аударып қана қоймай, ел мен халықтың мүддесі үшін ұсыныстарды іс-қимыл құралы ретінде қолданатынына сенім білдірді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy