ҚХП депутаты елордадағы Балалар үйіне барды

Балаларды қорғау күні Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева елордадағы «Мамандандырылған балалар үйіне» барып, мекеме директоры Татьяна Цечоевамен және қызметкерлермен кездесті.

1933 жылы негізі қаланған Балалар үйіне биыл 90 жыл толды. Мекемеде 0-ден 4 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді және емделеді. Бұған қоса мекеме баладан бас тарту қаупі бар қиын жағдайдағы отбасыларға әлеуметтік қызмет көрсетеді. Физикалық, психикалық, сөйлеу және басқа дағдыларды игеру және қалпына келтіру үшін қосымша шараларды қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтумен айналысады.

– Бізде ерекше балалар денсаулығында кінәраты жоқ балалармен бірге тұрады, – деп атап өтті Татьяна Цечоева. – Бұл ерекше сәбилердің өмірі мен дамуын жақсартуға мүмкіндік береді.

Балалар үйінің басшылығы Гаухар Танашеваға шағын экскурсия ұйымдастырды. Қызметкерлер депутатқа Балалар үйінің бассейні мен хауызын, медициналық кабинеттері мен оңалту тренажерларын, қысқы бақ пен Монтессори бөлмесін көрсетті.

– Біз мүмкіндігінше балаларды отбасына оралтуға тырысамыз, – деді директор. – Егер, анасы өмірдің қиын жағдайына тап болып, 6 ай ішінде мәселесін шешсе, баласын қайтарып алу мүмкіндігі бар.

Асырап алған және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева Балалар үйін мемлекет қана емес, қоғам қолдауы керек екенін айтты.

– Балаларды отбасына қайтару дұрыс шешім. Балалар үйінде қанша жақсы болса да, балаға отбасы қажет. Отбасы – балалық шақ үшін ең жақсы орта, – деді Г.Танашева.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy