ҚР Қорғаныс вице-министрі әскери зейнеткерлермен кездесті

Қазақстан Халық партиясының орталық аппаратында әскери зейнеткерлер ҚР Қорғаныс вице-министрі Әскер Бейсеновпен және құзыретті ведомстволардың басқа да өкілдерімен кездесті. Халық партиясынан Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан пікірсайыс модераторы болды.

Бүгінде әскери қызметшілер мен күш құрылымдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінде арыз-шағымдар жетерлік. Бар ғұмырын Отанына адал қызмет ету жолына сарп еткен зейнеткерлер Үкімет жүргізіп отырған реформаға байланысты лайықты қарттықтан да құралақан қалып отыр.

Аталған мәселенің бірін ІІМ зейнеткері Самат Нұрмағамбетов атап өтті.

– 2016 жылға дейін және кейін зейнетке шыққандар арасында диспропорция бар, – деді ол. – 2016 жылға дейін зейнетке шыққандарға базалық зейнетақы төленеді. Ал кейін шыққандардың базалық зейнетақысы жоқ. Оның баламасы жинақтаушы зейнетақы болады деп болжанған. Әйткенмен, ондағы аударым мардымсыз, жоқтың қасы деуге саяды. Бұл мәселе қалай шешілмек?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру департаменті директорының орынбасары Эльмира Тәжиханова мұндай диспропорция бар екенін мойындады. Қазір аталған олқылықтың орнын толтыру бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты.

– Қазір бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Сондықтан Ведомствоаралық комиссиялар деңгейінде шешілуде, – деп түсіндірді Тәжиханова. – Қауіпсіздік Кеңесімен келісілгеннен кейін есептеріміз республикалық бюджет комиссиясына шығарылады, бұл ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында бұдан өзге де зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі, әскери және ІІМ қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шаралары туралы сөз болды.

– Кездесу өте мазмұнды өтті, – деп түйіндеді пікірсайыс қорытындысын депутат Кенжеғұл Сейітжан – Әскери зейнеткерлер тұщымды сұрақтар қойып отыр. Мемлекет елімізде тыныштық, қауіпсіздік пен тұрақтылық болғанын қаласа, ел іргесін кірпік қақпай күзетіп тұрған әскери адамдарға барынша қамқорлық жасауы керек.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy